Жаңалықтар

Енді қазақстандықтар жеке деректерінің тарағанын арнайы платформа арқылы біле алады

Елде әр тұрғын өз жеке дерегін алаяқтар ұрлаған-ұрламағанын тексере алатын арнайы жүйе жасалмақ. Ресми ақпаратпен Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЖҮЙЕ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Жаңа сервис цифрлық қауіпсіздік жөніндегі заң аясында іске қосылады. Арнайы мемлекеттік платформа арқылы кез келген адам өзінің жеке деректерінің тараған-тарамағанын тексере алады. Мысалы, ЖСН, телефон нөмірі немесе мекенжайы интернетке шығып кетсе, ол туралы арнайы платформа арқылы білуға мүмкіндік бар.

Бастама авторлары бұл адамдарға құпия сөзін тез ауыстыруға немесе банк карталарын бұғаттауға көмектесетінін айтуда.

“Ашық жариялануы міндетті құжаттардағы жеке деректерді жасыру және хэштеу талаптары енгізіледі. Бұл сот шешімдері немесе мемлекеттік сатып алуға қатысты құжаттарға қатысты”, – деді депутат.

Жеңіл тілмен айтқанда, мұндай құжаттардағы адамның тегі, мекенжайы сияқты мәліметтер бөгде адамдар пайдаланып кетпеуі үшін жұлдызшамен жабылады, болмаса жасырылып көрсетіледі.

ЖАЗА КҮШЕЮІ МҮМКІН

Қазақстанда енді өзгенің жеке дерегіне салғырт қарағандарға жаза күшейтілуі мүмкін.

Цифрлық даму министрлігі ақпаратынша, ақпараттың жаппай тарап кетуіне жол бергендерге қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Ал деректердің ұрлануына жол берген компанияларға салынатын айыппұлды 5 000 АЕК-ке дейін көтеру ұсынылды.

 

Back to top button