Жаңалықтар

Енді депутаттарға Құрылтайда жеке мәселелерді көтеруге тыйым салынады

Мәжілісте талқыланып жатқан «Құрылтай туралы» заң жобасында депутаттарға отырыс барысында жеке сипаттағы өтініштер мен мәселелерді көтеруге тыйым салу ұсынылды. Тиісті норма «Қазақстан Құрылтайы туралы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасына енгізілген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Құжат жобасына сәйкес, депутаттар өз сөзін тек кәсіби өкілеттіктеріне қатысты мәселелерге арнауы тиіс. Яғни, өзіне қатысты өтініш айтуға, жеке мәселелерді көтеруге немесе депутаттық қызметіне қатысы жоқ тақырыптарды сөз етуге жол берілмейді.

Сондай-ақ сөз сөйлеу барысында негізсіз айыптаулар айтуға, дөрекі әрі қорлайтын сөздер қолдануға тыйым салынады. Депутаттар бір-біріне және өзге қатысушыларға құрметпен қарауға міндетті.

Бұдан бөлек, депутаттарға заңсыз әрекеттерге шақыруға, отырыс жұмысына кедергі келтіруге, сөз сөйлеушіні бөлуге және өзге пікірлерді орынсыз түсіндіруге рұқсат етілмейді.

Құжатта депутаттардың БАҚ-та және өзге де жария алаңдарда тек тексерілген ақпаратты қолдануы керектігі де көрсетілген.

Егер осы талаптар бұзылса, депутаттарға түрлі тәртіптік шара қолданылуы мүмкін. Мәселен, ескерту беріледі, көпшілік алдында кешірім сұратылуы мүмкін, бірнеше отырыста сөз берілмейді, тіпті уақытша залдан шығарып жіберу немесе бір күндік еңбекақысынан айыру да қарастырылған.

Әдеп талаптарының сақталуын бақылау үшін Құрылтай жанынан арнайы кеңес құрылмақ. Ол депутаттардың мәлімдемелерін талдап, заңбұзушылық белгілері болса, тиісті шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс береді.

Back to top button