Қоғам

Енді декреттік төлемдер жаңа тәртіппен тағайындалады

Қазақстанда декреттік төлемдерді тағайындау тәртібін қатаңдату жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметке ұсыныстар Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін енгізілген, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы «7 арна»-ға сілтеме жасап.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төрағасының орынбасары Марат Жәнібековтің айтуынша, енді төлем алу үшін азаматтар табысын мұқият растауы тиіс. Яғни, табысты растау бірнеше дереккөз арқылы тексеріледі.

«Егер азаматтар табысты қолма-қол түрде алса, ол бақылау-кассалық машиналардың чектері арқылы арнайы мобильді қосымшада тіркелуі тиіс. Сонымен қатар табысты растау үшін әлеуметтік салықтың төленуі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар туралы мәліметтер енгізу ұсынылды. Табыс түзетілген жағдайда, ол міндетті түрде салық декларациясымен салыстырылуы тиіс», – деді Жәнібеков.

Мамандар бұл өзгерістер алаяқтықтың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар елде декреттегі әйелдерге заңсыз түрде қосымша төлем рәсімдеуді ұсынатын делдалдардың көбейгені жиі айтылады. Қор өкілдері мұндай әрекеттер заңға қайшы екенін ескертеді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда декреттік төлемдерге қатысты алаяқтық ісі әшкереленген еді. Бухгалтер жүкті әйелдерге жалған еңбек шарттарын рәсімдеп, мемлекеттен заңсыз төлем алуға көмектескен. Тергеу мәліметінше, келтірілген шығын 146 млн теңгені құрады. Сот үкімімен айыпталушы бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

 

Back to top button