Құрылтай қандай жағдайда таратылуы мүмкін
29 сәуір күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын қарауға қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚҰРЫЛТАЙ ҚАНДАЙ ОРГАН БОЛМАҚ
Заң жобасына сәйкес, Құрылтай – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы ретінде айқындалады. Ол бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан құралады.
ЗАҢ ЖОБАСЫ НЕНІ РЕТТЕЙДІ
Құжатта Құрылтайдың жұмыс тәртібі жан-жақты белгіленген. Атап айтқанда, заң жобаларын кім енгізе алатыны, олардың қалай қаралатыны, қандай көпшілік дауыспен қабылданатыны, комитеттердің қалай құрылатыны, парламенттік оппозицияның құқықтары мен депутаттардың жауапкершілігі нақты көрсетілген.
Құрылтайға кең ауқымды өкілеттіктер беріледі. Соның ішінде:
– заңдарды, оның ішінде конституциялық заңдарды қабылдау;
– президент қарсылығынан кейін заңдарды қайта қарау;
– соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу;
– президент сайлауын жариялау;
– республикалық референдум тағайындау бастамасын көтеру;
– вице-президент пен премьер-министрді тағайындауға келісім беру;
– Қазақстан Республикасының Конституциялық соты судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін және Жоғары аудиторлық палата құрамын жасақтауға қатысу.
Бұдан бөлек, Құрылтай Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты судьяларын сайлау және қызметтен босату, олардың қол сұғылмаушылығын тоқтату мәселелерін қарау, үкімет пен мемлекеттік органдардың есептерін тыңдау, парламенттік тыңдаулар өткізу және өз регламентін бекіту құқығына ие болады.
ДЕПУТАТТАР ҚАЛАЙ САЙЛАНАДЫ
145 депутат партиялық тізімдер арқылы сайланады. Бұл ретте бүкіл ел біртұтас сайлау округі ретінде қарастырылады. Дауыс беру – тікелей, тең және жасырын түрде өтеді.
Депутаттарды сайлау тәртібі бөлек конституциялық заңмен реттелмек. Ал осы жобада олардың өкілеттік мерзімі бес жыл деп бекітілген.
ҚҰРЫЛТАЙДЫ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ТАРАТАДЫ
Құжатта президенттің Құрылтайды тарату құқығы да қарастырылған. Бұл шешім Құрылтай төрағасымен және премьер-министрмен консультациялардан кейін қабылданады.
Президент мына жағдайларда Құрылтайды тарата алады:
– келісім талап етілетін лауазымға ұсынылған кандидатураға екі рет келісім берілмесе;
– Құрылтай төрағасын екі мәрте сайлаудан бас тартса.
Сонымен бірге, таратуға шектеулер де бар. Құрылтайды төтенше немесе әскери жағдай кезінде, президент өкілеттігінің соңғы алты айында, алдыңғы таратудан кейін бір жыл ішінде және Конституцияда көзделген өзге жағдайларда таратуға болмайды.
ҚҰРЫЛТАЙ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Құрылтай жұмысы сессиялар мен отырыстар форматында өтеді. Кезекті сессиялар жылына бір рет – қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін жалғасады.
Кезектен тыс сессияларды президент өз бастамасымен, Құрылтай төрағасының ұсынысымен немесе депутаттардың кемінде үштен бірінің өтінішімен шақыра алады. Мұндай сессияларда тек шақырылу себебіне қатысты мәселелер ғана қаралады.