
Жасөспірімнің әпкесі күдіктінің бірі бауырынан үнемі ақша бопсалап отырғанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ТУЫСТАРЫ НЕ ДЕЙДІ
31 арна мәліметіне сәйкес, Алматыда жаппай төбелес салдарынан көз жұмған жасөспірімдердің бірінің туыстары оқиға бойынша көрген-білгенін айтып берген. Олардың айтуынша, күдікті марқұмға қысым көрсетіп, үнемі ақша бопсалаған.
Оқиға компьютерлік клуб маңында болған. Шамамен он шақты адамның қатысуымен болған жанжал пышақ сілтесуге ұласып, салдарынан екі жасөспірім ауыр жарақат алып, көз жұмған. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Көз жұмғандардың бірінің жақындарының айтуынша, сол күні жасөспірім жұмысқа кеткен, артынша досының үйіне қонбақ болған. Ол бірнеше рет пышақ жарақатын алған, соның ішінде жүрек тұсына соққы тиіп, көп қан жоғалтып, ауруханада қайтыс болған.
Марқұм Дінмұхамед Есенгелдінің әкесі Натан Әбдірасылов тергеудің әділ өтуін талап етіп отыр.
«Ұлымды мәйітханадан өзім алып шықтым. Тергеуші екі жақтан да бір-бір жігіттен ажал құшқанын айтты. Әділ сот болсын», – деді ол.
ҚАНША АДАМ ҰСТАЛДЫ
Қақтығыстан кейін полиция 12 адамды ұстаған. Дінмұхамедтің әпкесінің сөзінше, олардың арасында ағасына өлімші жарақат салды деген күдікке ілінген адам бар. Оның айтуынша, бұл азамат бұған дейін де жасөспірімге қысым көрсеткен.
«Қыстан бері ол інімнен ақша бопсалап жүрген. 17 жасқа дейін Димаш әлгі жігіттердің атын да атамаған еді. Тек бір апта бұрын ғана: “Апа, бір жігіт менен ақша талап етеді, апта сайын бес мың теңгеден беріп жүрмін”, – деп айтты», – деді Айдана Есенгелді.