Алматы әуежайындағы жағдай: басшылардың бірі тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Алматы халықаралық әуежайының терминалын су басуына байланысты шаралар қабылданды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ШҰҒЫЛ КЕҢЕС ӨТТІ
Ресми ақпаратпен Көлік министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері бөлісті. Соған сәйкес Көлік министрлігінің басшылығы Алматы халықаралық әуежайының әкімшілігі және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, терминал шатырының су басу фактісіне байланысты кеңес өткізді.
Азаматтық авиация комитеті әуежайды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты. Әуежай басшысы техникалық мәселелерге жетекшілік ететін аға вице-президент Мехмет Гюзельге тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады.
ЖОЛАУШЫЛАРДАН КЕШІРІМ СҰРАДЫ
Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
Қазір анықталған кемшіліктерді жою бойынша шаралар күшейтіліп, барлық қажетті жұмыс жедел режимде жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтап, су басу себептерін толық жою 6 ай ішінде жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.
Көлік министрлігі бұндай бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмай, азаматтық авиация саласындағы заңнама талаптарының сақталуына бақылау жүргізілетінін мәлімдейді.