Шымкентте полиция ұстап әкеткен жігіт өз еркімен армияға кететінін мәлімдеді
Мамандар мән-жайды түсіндірген соң азамат жиын пунктіне өз еркімен барған
Әлеуметтік желіде Шымкент қаласының Чапаевка мөлтек ауданында болған оқиғаның видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Отырар TV басылымының жазуынша, алдын ала мәлімет бойынша, полиция мен жергілікті әкімдік өкілдері әскер жасындағы азаматтарды есепке алу үшін жоспарлы рейд жүргізген.
Сол сәтте жас жігіт жағдайды бұрыс түсініп, қашпақ болыпты. Қатты қобалжыған ол жерге құлап түскен. Ресми мәліметке сүйенсек, мамандар мән-жайды түсіндірген соң азамат жиын пунктіне өз еркімен барған.
Дәрігерлер оны медициналық тексерістен өткізіп, әскерге жарамды деп тапқан. Көп ұзамай видеодағы жігіт – қала тұрғыны Ислам Өзжан желіде мәлімдеме жасады. Ол құқық қорғау органының қызметкерлерінен қорқып қашқанын түсіндірді. Сондай-ақ, қазір әскерге өз еркімен бара жатқанын айтты.
«Мен – Ислам Өзжан 2026 жылы 1 мамыр күні сағат 19:30 уақытында дүкендегі жұмыстан шыққанда полиция қызметкерлерін көріп, қорқып, қашып кеттім. Сосын мені олар ұстап қалды. Мен әскерге өз еркіммен бара жатырмын. Ешкімге арызым жоқ», – деді Ислам Өзжан.
Ал полиция бұл дерек бойынша ешқандай арыз түспегенін мәлімдеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram