Ақорда Тоқаевтың демалыста қайда барғанын көрсетті (ВИДЕО)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр мерекесінде әр жылдары сыйға тартылған тұлпарлардың күтімін көріп қайту үшін Президент Іс басқармасының атқорасына арнайы барды, деп жазады БОРТ №1 телеграм-арнасы.
“Президент бір жыл бұрын Ақалтеке тұқымынан туған қылаң боз тайды Ақжан деп атаған еді. Шоқтығы биік, қаз мойын, қамыс құлақ, денесі сылыңғыр, көзі тау суындай тұп-тұнық, жүрісі паң, өте есті жануар екені бүкіл болмыс-бітімінен байқалып тұрады. Ақалтеке тұқымына жататын арғымақтардың қатарына бірнеше ай бұрын құла түстес құлын да қосылды. Мемлекет басшысы оған Ақниет деп ат қойды. Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр. Сонымен қатар Президент Іс басқармасының атқорасында жақында Қатар елінен сыйға келген арабы арғымақтар да бар”, – делінген жазбада.
Қасым-Жомарт Тоқаев арасында осында келіп, жылқыларға өз қолымен жем беріп тұратыны қоса жазылған.