Иран билігі Вашиңтонға әскери қақтығысты аяқтауға қатысты Тегеранның негізгі шарттары қамтылған 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды жолдады. Donald Trump бұл ұсыныстардың өзіне ұнайтынына күмән келтірді, деп жазады DW.
Иран билігі АҚШ-қа Таяу Шығыстағы соғысты аяқтауға арналған негізгі шарттары көрсетілген 14 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды жолдады. Қазір Тегеран Вашиңтонның жауабын күтіп отыр. Бұл туралы жексенбіге қараған түні, 3 мамырда ирандық Fars және Tasnim ақпарат агенттіктері хабарлады. Олар бұл құжатты бұған дейін АҚШ ұсынған тоғыз тармақтан тұратын жоспарға жауап деп атайды.
Ол ұсыныста екі айлық бітім туралы айтылған болатын. Ал Иран билігі барлық мәселені бір ай ішінде шешу қажет екенін айтып, «бітімді ұзартуға емес, соғысты аяқтауға басымдық берілуі тиіс» деген ұстанымды білдірген, деп хабарлайды Tasnim.
Агенттіктердің мәліметінше, Иранның бейбіт реттеу нұсқасында Тегеран Вашиңтоннан шабуыл жасамау кепілдігін, америкалық әскерлерді шекара маңындағы аймақтардан толық шығаруды, теңіз блокадасын алып тастауды және бұғатталған ирандық активтерді босатуды талап етеді. Бұдан бөлек, Иран келтірілген залал үшін репарация төлеуді, санкцияларды жоюды, өңірдегі әскери әрекеттерді тоқтатуды (соның ішінде Израильдің Ливанға жасаған шабуылдарын), сондай-ақ Ормуз бұғазының «жаңа жұмыс істеу тетігін» енгізуді талап етіп отыр.
Трамп ұсыныс өзіне ұнайтынына күмән келтіреді
Апта басында Тегеран бұған дейін де реттеу жөнінде ұсыныс жасаған, алайда АҚШ президенті Donald Trump оған қанағаттанбағанын айтып, Ислам республикасының талаптары өзіне қолжетімсіз екенін мәлімдеген.
3 мамырда Donald Trump Иран Ақ үйге жаңа ұсыныс жолдағанын растады. Ол құжатты жақын арада қарайтынын айтып, бірақ Тегеран ұсынысының өзіне ұнайтынына күмән келтірді.
«Оның қабылдауға болатынын елестете алмаймын, өйткені олар соңғы 47 жылда адамзат пен әлемге жасаған әрекеттері үшін әлі жеткілікті жоғары баға төлеген жоқ», – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Тегеран Ормуз бұғазын, АҚШ – Иран порттарын бұғаттап отыр
Иранмен соғыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иран аумағына жасаған соққыларынан басталды. Тегеран бұған Израильге, Парсы шығанағындағы бірқатар елдерге және өңірдегі америкалық нысандарға шабуылмен жауап берді. Сәуір айының басында бітім күшіне енгенімен, содан бері қақтығысты реттеу ілгерілемеген.
Келіссөздердің жалғыз раунды 11 сәуірде Пәкістанда өтіп, нәтижесіз аяқталды. Стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы әлі де ирандық әскерилер тарапынан іс жүзінде бұғатталған күйде, ал АҚШ өз кезегінде Иран порттарына теңіз блокадасын жалғастырып отыр.
Трамп Конгреске соғыстың аяқталғанын хабарлады
АҚШ президенті Иранмен соғысты аяқталды деп санайды. Бұл туралы ол 1 мамырда Конгреске хабарлаған. Осы күні әскери қақтығысты жалғастыру үшін Конгрес мақұлдауын алу мерзімі аяқталған. «2026 жылы 28 ақпанда басталған әскери әрекеттер тоқтатылды», – делінген Трамптың Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон мен Сенаттың уақытша төрағасы Чак Грасслиге жолдаған хатында.
Сонымен қатар, хатта АҚШ президенті іс жүзінде соғыс әлі толық аяқталмағанын да аңғартты. «АҚШ-тың ирандық режимге қарсы операцияларының табысты болуына және тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерге қарамастан, Иран тарапынан АҚШ пен біздің қарулы күштерге төнетін қауіп әлі де елеулі», – делінген құжатта.
1973 жылғы әскери өкілеттіктер туралы қарарға сәйкес, АҚШ президенті әскери әрекеттерді тек 60 күн жүргізе алады. Осы мерзімнен кейін ол соғысты тоқтатуы немесе «сөзсіз әскери қажеттілік» жағдайында Конгрестен 30 күнге ұзартуды сұрауы тиіс. Сонымен қатар, The Wall Street Journal мәліметінше, Donald Trump Иранға қарсы ұзақ мерзімді теңіз блокадасына дайындалуды тапсырған. Оның мақсаты – мұнай экспортын шектеу арқылы ел экономикасын әлсірету.