Таразда гимназия аумағында оқушы биіктен құлап кетті
Тараздағы №40 гимназия аумағында биіктіктен құлаған оқушы ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Полиция мәліметінше, қазір аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 114-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция қызметкерлері болған оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.
«Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Тараз қалалық полиция департаменті.
БАҚ мәліметінше, оқиға таңертең болған. Оныншы сынып оқушысы гимназия ғимаратының сыртында орналасқан өрт сөндіру баспалдағына көтерілген. Бейнебақылау камералары жасөспірімнің баспалдақ қоршауында тұрғанын, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кеткенін тіркеген.
Оқиғаға дейін аз уақыт бұрын ол WhatsApp чатында қоштасу сипатында болуы мүмкін хабарламалар жіберген. Құлағаннан кейін оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған ауыр жарақаттар, соның ішінде ми зақымдануы, сүйек сынықтары және ішкі ағзалардың жыртылуы диагнозын қойған. Жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр, ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Жасөспірімнің жақсы оқығаны және білім беру үйірмелеріне қатысқаны айтылады. Сондай-ақ бұған дейін онымен профилактикалық жұмыс жүргізілгені, алайда анасы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуден бас тартқаны айтылды. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселесіне де назар аударылған: мектеп аумағы күндізгі уақытта ашық болады, бұл бөгде адамдардың еркін кіруіне мүмкіндік береді.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.