Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа қаржылық құрал іске қосылады. Мал иелеріне жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит ұсынылады. Үкімет бұл тетік арқылы жайылым инфрақұрылымын күшейтіп, жем-шөп базасын жүйелі түрде кеңейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа несие арқылы жем-шөп қорын кеңейтуге бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Соның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта «Жайлау» бағдарламасы арқылы жылдық мөлшерлемесі 6% болатын бірыңғай кредиттік өнім іске қосылады. Қаржы жайылымдарды суландыруға, мобильді вагондар сатып алуға және ілеспе шығындарды жабуға бағытталады.
“Жоспарда жем-шөп тапшылығын тек егістік алқаптарын ұлғайту арқылы емес, жайылым мен шабындықтарды тиімді пайдалану есебінен шешу көзделген. Сонымен қатар, баламалы жем-шөп дайындау тәсілдерін енгізіп, құрама жем өндірісін дамыту жоспарланып отыр. Бұл тәсіл егістік жерлерге түсетін жүктемені арттырмай-ақ саланың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді”, – делінген Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің депутаттарға берген жауабында.
Кешенді жоспарға сәйкес, мал азығы дақылдарының тұқымын сатып алу кезінде шығындарды өтеу деңгейі 20%-ға артады. Бұдан бөлек, жем-шөп дайындау техникасы мен жабдықтарын, соның ішінде жем таратқыштар мен мобильді жем цехтарын сатып алуға жылдық 5% мөлшерлемемен лизингтік құралдар енгізіледі.
Жем-шөппен қамтамасыз етудің қосымша тетігі ретінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ жыл сайын фураждық қор қалыптастырады. Маусымаралық кезеңде бұл қордағы өнім мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарына төмендетілген бағамен ұсынылады.
Сонымен қатар, салаға қосымша жеңілдетілген кредит беру (жылдық 5–6%), асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, ғылыми қамтамасыз ету, инвестициялық тартымдылықты арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағыттары да қамтылған. Жоспар аясында өнім өткізу нарықтарын кеңейту мен экспорт көлемін арттыруға да ерекше назар аударылады.