ЖаңалықтарҚоғам

Ержан Бабақұмаровты өлтірген адамға қатысты үкім шықты

Үкім заңды күшіне енді.

Сот Астанада бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп айыпталған тұрғынды кінәлі деп таныды. Оған нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Астана сотының Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабына сәйкес, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім биылғы 20 ақпанда шығарылып, заңды күшіне енді.

«Негізгі сот талқылауы жабық сот отырысында өткендіктен, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес іс бойынша өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады елордалық сот.

Ержан Бабақұмаровтың өлімі

Ержан Бабақұмаров 2025 жылғы 30 қазанда қаза тапты. Полиция дерегінше, ол соққыға жығылған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұрыннан таныс адамдар арасында сөзжанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан алған жарақаттарынан 56 жастағы Бабакумаров көз жұмды.

Іс сотқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша түскен. Іс бойынша күдікті ретінде 37 жастағы Е.К. танылған.

26 қаңтарда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды.

Отырыстың басында-ақ тараптар сот процесін жабық түрде өткізуді сұрап, сот бұл өтінішті қанағаттандырды.

Іс судья Айжан Күлбаеваға берілді. Ол бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты үкім шығарған. Судья соттың жабық өтуін марқұм Ержан Бабақұмаровтың кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғаумен түсіндірді.

Күдікті туралы не белгілі?

Ержан Бабақұмаровтың өліміне күдікті бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2025 жылдың сәуірінде ол Астанадағы пәтерінде азаматтық жұбайын соққыға жыққан.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде ер адам әйелдің бетіне екі рет, қабырғасына екі рет соққы жасаған. Соның салдарынан әйел орташа ауырлықтағы жарақаттар алған: қабырға сынықтары, көз ұясының сынуы, бас сүйек пен қуыстардың зақымдануы.

Ержан Бабақұмаров кім болған?

Ержан Бабақұмаров 1969 жылғы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саяси ғылымдар кандидаты.

1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Әртүрлі жылдары мынадай лауазымдарды атқарған:
• Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгеруші орынбасары және ақпараттық-талдау орталығының басшысы;
• мәдениет және ақпарат саласында жауапты хатшы және вице-министр;
• Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары;
• Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры;
• Президенттің кеңесшісі – Әкімшіліктің талдау және болжау орталығының меңгерушісі.

2019 жылдың шілдесінен 2022 жылдың ақпанына дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Back to top button