TOP-1Эксклюзив

Канье Уэстпен жұмыс. Өзгерген көзқарас: АҚШ-та 8 жыл тұрған Әлішердің әңгімесі

Tizgin.kz тілшісі АҚШ-тың Калифорния штатында 8 жыл өмір сүрген қазақстандық Әлішер Әбдікәрімовпен сұхбаттасты. Әлішер бізге елге оралғаннан кейінгі байқаған айырмашылықтары туралы айтып берді.

 «Америкада адамдар өз құқығын жақсы біледі»

Әлішердің сөзінше, АҚШ-та жүрген жылдары ол Қазақстанды сырт көзбен бағалап, дамыған елдермен салыстыруға мүмкіндік алған.

«Жалпы, еліміздің бағыты дұрыс деп есептеймін. Тоқаевтың (Қазақстан Президенті – авт.) сыртқы саясаты орынды, ал ішкі саясатта да, әсіресе, Астананың дамуынан ілгерілеу байқалады. Бірақ сонымен бірге қоқыс, инфрақұрылымдағы кемшіліктер секілді мәселелер әлі де бар. Бұл – қоғамның өзіне байланысты. Ең алдымен сана-сезімді өзгерту қажет», – дейді ол.

Әлішер бүгінде жастардың көбі шетелге кеткісі келетінін айтады. Оның пікірінше, ел ішінде табыс табу мүмкіндігі аз деген түсінік қалыптасқан.

Фото: Әлішер Әбдікірімовтың жеке мұрағатынан

«Мен де кезінде АҚШ-қа сол оймен кеттім. Голливудта жұмыс істеуді армандадым, соған сай жоспарымды орындадым. Гафферден бастап, оператор-постановщик деңгейіне дейін өстім. Қара жұмысты да істедім, жүк тасымалдадым. АҚШ-та мүмкіндік көп», – дейді ол.

Сұхбат барысында ол АҚШ-тағы басты айырмашылықтың бірі – адамдардың заңға деген көзқарасы екенін ерекше атап өтті. Сөзінше, Америкада адамдар өз құқығын жақсы біледі және кез келген мәселені эмоциямен емес, заң арқылы шешуге тырысады.

Фото: Әлішер Әбдікірімовтың жеке мұрағатынан

«Америкада адамдардың сана-сезімі заңмен, қоғаммен, өзі тұратын мекенжаймен тығыз байланысты. Ал бізде эмоция басым. Мысалы, Алматыда бірде такси шақырғанымда таксист үлкен кісі мен жас баланың көшеде ерегесіп, төбелесуге шақ қалғанын көрдім. АҚШ-та ондай жағдайды көрмейсің – адамдар бірден заңға жүгінеді, өз құқығын біледі. Эмоцияға тез берілу – әлсіздік. Мен өзім де АҚШ-қа барғанда ғана Ата Заңды білудің маңызын түсіндім. Егер мықты мемлекет боламыз десек, алдымен құқықтық сауаттылықты арттырып, Ата Заңды білуіміз керек. Заң жұмыс істемесе, оны талап етіп, депутаттарға «мына заң жүрмей жатыр» деп жеткізу керек», – дейді Әлішер.

Сонымен қатар айыппұл жүйесіне қатысты пікір білдірген ол мұны қоғамды тәртіпке келтірудің бір құралы деп санайды.

«АҚШ-та болғанымда елде «штрафстан» деп айта беретінін байқадым. Бірақ сол штрафтарды адамдардың ішкі сана-сезімінің тәртібін өзгерту бағытында жасалынған деп санаймын. Америкада да сондай штрафтар бар. Бірақ бізде құқық қорғау органдары мен басқа да жүйелер толықтай заңға сай жұмыс істеуі керек», – деді ол.

Фото: Әлішер Әбдікірімовтың жеке мұрағатынан

Әлішердің айтуынша, АҚШ-та әр қызмет нақты бөлінген: патрульдік полиция тек жолмен айналысады, басқа мәселеге араласпайды. Парковкаға бөлек құрылым жауап береді, эвакуатор – жеке бизнес. Жүйе нақты, түсінікті.

АҚШ-та «аш» болдым

Әлішер АҚШ-та ақша табу мүмкіндігі көп екенін де жасырмады. Сөзінше, онда табыс табуға жағдай бар, алайда көптеген адам жайлылық аймағынан шыққысы келмейді. Ал шынайы даму сол «жайлылықтан» шыққанда ғана басталады.

Фото: Әлішер Әбдікірімовтың жеке мұрағатынан

АҚШ-қа аттанбас бұрын ол Қазақстанда белгілі бірқатар жобаларға қатысқан. Әйгілі «91» тобының «Қағаз» клипінде гаффер (түсірілім алаңында жарық атмосферасын қалыптастырып, жарық жабдықтарын баптау мен пайдалануға жауапты бас жарықшы) болған, түрлі жобаларда жұмыс істеген. АҚШ-та толықметражды фильмдерге, жарнамаларға, ірі әртістердің жобаларына атсалысқан.

Фото: Әлішер Әбдікірімовтың жеке мұрағатынан

«Әйгілі Канье Уэсттің «Церковын» түсіргенбіз. Одан басқа Билли Айлиш, реперлер Трэвисс Скот, Биг Шон, Тарантиноның видеожурналын түсірдік. Индижобалар да көп болды. Жалпы, қай сала болмасын, табыс деңгейі жобаның ауқымына байланысты. Мысалы, камера ассистенті күніне 450-500 доллардан басталса, бірінші ассистенттің ақысы 900 доллардан басталады», – дейді ол.

Елге оралған Әлішер енді кітап жазу, сценарий әзірлеу сияқты шығармашылық жобалармен айналысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жасанды интеллектінің киноиндустрияға әсерін де жаңа мүмкіндік ретінде қарастырады.

«Қазір жоспарым – кітап жазу, сценарий әзірлеу. Кино саласында 2014 жылдан бері жүрмін. Бірақ қазір бұл бағыт екінші орынға ығысып келеді. Себебі жасанды интеллект қарқынды дамып жатыр. Бұл салада жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Мысалы, сценарий жазып, оны нейрожелілер арқылы визуализация жасап, халықаралық платформаларға ұсынуға болады», – дейді ол.

Фото: Әлішер Әбдікірімовтың жеке мұрағатынан

Сөз соңында ол әр адамның жеке табысы өзінің еңбегіне байланысты екенін атап өтті.

«Менің АҚШ-та көзім жеткені – ақшаны оңай табуға болады. Өйткені, өзім «аш» болдым, энергиям көп болды. Сол жақта тұрған кезде америкалықтардың көзқарасы өзгеше екенін көрдім. Менің түйгенім – әр адам «зона комфортаға» кірген кезде соны сақтағысы келіп аса қатты өскісі келмейді. Сол жайлылықтан шыққан кезде ғана адамда өзгеріс, соған орай өсу мүмкіндіктерін көреді», – деп түйді әңгімесін Әлішер.

 

 

 

Back to top button