Ұлттық қордан алынған ақшаның жалпы көлемі туралы көп айтамыз. Ал сол қаржы нақты қай өңірлердің мәселесін шешуге және дамуына көбірек бағытталып жатыр деген сұрақ сирек қойылады. Tizgin.kz осы сұраққа дерек арқылы жауап іздеп көрді.
Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Ұлттық қор есебінен өңірлерге 1,215 трлн теңге бөлінген. Бұл қаржы түгелдей дерлік даму бағдарламалары арқылы таратылған.
Қаржының ең үлкен бөлігі Астана қаласына бағытталған – 425,4 млрд теңге. Алматы қаласы екінші орында тұр – 120 млрд теңгеден астам.
Бұлардан кейінгі орындарда халық саны көп әрі әлеуметтік жүктемесі жоғары Түркістан (73,6 млрд теңге) және Алматы облыстары (72,6 млрд теңге) тұр.
Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының да үлесі жоғары – тиісінше 55 млрд және 53,7 млрд теңге бағытталған.
Орта деңгейдегі топқа Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын жатқызуға болады. Әрқайсысына шамамен 41-46 млрд теңге аралығында қаржы бөлінген.
Ал Ұлытау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары 9-12 млрд теңге шамасында қаржы алған.
Бұл деректер Ұлттық қор қаржысының өңірлерге тең бөлінбейтінін көрсетеді. Бюджет кодексіне сәйкес, Ұлттық қор қаражаты қажеттілікке, жоспарланған жобаларға және күтілетін нәтижеге қарай бөлінуі керек.
Бір қызығы, Ұлттық қор қаражатын өңірлердің игеру көрсеткіші 99% болғанмен, кейбір өңірлерде айтарлықтай қаражат игерілмей қалған.
Мысалы, Ақмола облысында игерілмеген сома 1,6 млрд теңгеден асады. Бұл қаржы бөлгеннен кейін тиімді пайдалануын қадағалау маңызды екенін көрсетеді.
ЖӨӨ VS ТРАНСФЕРТ
Енді осы мәліметтерді өңірлердің экономикадағы үлесімен салыстырып көрейік. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнім құрылымында Алматы қаласының үлесі басым – 23,4%.

Алғашқы үштіктегі Астана қаласының үлесі – 11,9%, Атырау облысының үлесі – 10,4%. Демек, Атырау облысы ЖІӨ-дегі үлесі бойынша алдыңғы қатарда болғанымен, трансферт көлемі жағынан тізімнің басында тұрған жоқ.
Керісінше, көлемі бойынша алдыңғы орындарда тұрған Түркістан және Алматы облыстарының ЖІӨ-дегі үлесі салыстырмалы түрде төмен – 3,2% және 4,2%.
Бұл айырмашылық Ұлттық қордан қаржы бөлу логикасы экономикалық көлемнен гөрі өңірлік қажеттіліктерге көбірек байланысты екенін көрсетеді.