Мұғалімдер енді есепті қағаз түрінде тапсырмай-ақ қоюына болады
Аймағамбетов мұғалімдерге сүйінші жаңалықты бөлісті
Енді мұғалімдер есепті электронды түрде тапсырса, оны қайтадан қағаз нұсқасында тапсыру талап етілмейді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында білім беру мәселелері бойынша өзгеріс енгізуді талқылау кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Депутаттың сөзінше, ұстаздардан бір есепті екі форматта – электронды және қағаз түрінде қатар тапсыру талап етілетін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл – уақытты босқа алатын, негізсіз талап.
«Ұстаздар көбінесе бір есепті 2 рет тапсыруға мәжбүр. Электронды түрде ақпараттық жүйеге жүктейді және қағазға шығарып жеке тапсырады. Есеп жүйеде бар, жүктелген, тексерілген, оның екінші нұсқасын талап етудің қандай қажеттілігі бар. Ешкім мардымды жауап бере алмайды. Бұл – жай ғана қалыптасып қалған әдет», – деді Аймағамбетов.
Осыған байланысты заңнамалық деңгейде нақты норма енгізу ұсынылып отыр. Яғни, есептілікті бір мезгілде екі форматта тапсыруға тыйым салынады.
«Есептілікті бір мезгілде 2 форматта қайталауға жол берілмейді. Егер электронды формат болса, қағаз міндетті емес және керісінше», – деді депутат.
Сонымен қатар ол мектептердегі смартфон қолдану мәселесіне де тоқталды. Қазіргі таңда бұл бағытта бірыңғай ереже жоқ, әр мектеп өз бетінше шешім қабылдайды.
Аймағамбетовтың айтуынша, бұл жағдай мектеп басшыларының жауапкершіліктен қашуына әкеліп отыр.
«Бүгінде әр мектеп смартфонды пайдалану тәртібін өз бетінше анықтайды, бірыңғай ереже жоқ. Тәжірибеде бұл көп директордың шешім қабылдаудан қашуына әкеп соғады. Өйткені ата-аналармен пікірталастан, шағымнан қорқады. Нәтижесінде бір мектепте телефонға тыйым салынған, көрші мектепте жоқ, үшінші мектепте тіпті басқаша», – деді ол.
Депутат бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне берілетінін айтты. Яғни, министрлік ел бойынша бірыңғай саясат бекітіп, барлық мектепке ортақ ереже енгізуі тиіс.