Қоғам

Желтоқсаншыларға тіл тигізген мұғалімге қандай жаза берілуі мүмкін

Жақында Threads әлеуметтік желісінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды қорлаған жазбаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жағдай көпшілік тарапынан наразылық туғызған еді. Осы мәселе жөнінде Tizgin.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пікірін білді.

Оның айтуынша, мұндай әрекеттер заң бойынша қатаң жазаланады.

«Бұл енді бәрімізге белгілі 174 бап. Ол негізінен ерекше бір жеңілдететін мән-жайлар болмаса, әдетте бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған. Өйткені, бұл – БАҚ құралдарын пайдалана отырып, көпшіліктің алдында біздің өткен аруақтарымызды, сол кезде жарымжан, мүгедек болып қалған аға-апаларымызды және олардың ұрпақтарын, жалпы қазақ деген халықты қорлайтын үлкен әдепсіздік. Меніңше, іс сотқа дейін жететін болса, сөзсіз бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады», – деді депутат.

Құспанның айтуынша, егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жағдайда, жаза одан да қатаюы ықтимал.

Еске салайық, аталған оқиға Threads әлеуметтік желісінде Виолетта Паршина есімді қолданушының жазбасынан кейін туындады. Ол 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысты посттың астына ұлттық намысқа тиетін ауыр сөздер жазған. Бұл пікір қазақстандықтар арасында үлкен наразылық туғызып, желі қолданушылары құқық қорғау органдарынан тиісті шара қабылдауды талап етті.

Back to top button