TOP-2Жаңалықтар

Астанада көліктерді ақылы эвакуациялау басталды

Астанада жол ережесін бұзып тоқтаған және дұрыс қойылмаған көліктерді ақылы түрде эвакуациялау енгізілді. Бұл туралы Астана әкімдігі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

ҚАЙ ЖЕРДЕН АЛЫП КЕТЕДІ

Енді көліктер адамдар көп жиналатын орындардан, тұраққа тыйым салынған аймақтардан, қозғалысқа кедергі келтіретін жерлерден эвакуацияланады.

«Бүгіннің өзінде бір көлік Әкімшілік кодекстің 597-бабы 3-бөлігі бойынша эвакуацияланды. Мұндай заңбұзушылықтар көшелердің өткізу қабілетін 50%-ға дейін төмендетіп, кептеліс тудырады»,
– деді Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының директоры Марат Сәдуов.

ПРОЦЕСС ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ

Эвакуация толық цифрланған:

– автоматты жүйе бұзушылықты тіркейді,
– дерек полицияға жіберіледі,
– жүргізушіге eGov Mobile арқылы хабарлама келеді,
– шешімді полиция онлайн рәсімдейді.

КӨЛІКТІ АЛЫП КЕТПЕЙДІ

Егер жүргізуші дер кезінде келіп, көлігін алса, онда эвакуацияланбайды. Бұл жағдайда тек әкімшілік жаза қолданылады.

Көлікті таппаған жағдайда 102 немесе 112 нөміріне хабарласу керек. Олар көліктің қайда жеткізілгенін айтып береді. Эвакуация үшін айыппұл 3 АЕК (12 975 теңге), тұрақта сақтауға бөлек төленеді.

Back to top button