Түркияда Құрбан айт кезінде 14 мыңнан аса адам жарақат алды

Құрбан айттың алғашқы күнінде Түркияда құрбандық шалу кезінде жарақат алған 14 мыңнан аса адамға медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды Tizgin.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы Түркияның денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлы X әлеуметтік желі парақшасында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, медициналық көмекке жүгінгендердің ең көбі Анкара қаласында тіркелген – 1049 адам. Ыстанбұлда – 753 адам, Конья қаласында – 655 адам жарақат алған.

Түркияның Денсаулық сақтау министрі мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында құрбандық шалу жұмыстарын тек білікті мамандардың орындауы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл — халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты.

Осыған дейін хабарланғандай, 6 маусымда мұсылмандардың діни мерекесі — Құрбан айт басталды. 3 күнге созылатын бұл мейрамның басты атрибуттары – айт намазы, құрбан шалу, қайырымдылық шаралары және мерекелік дастархан. Қасиетті мейрам қарсаңында Kazinform құрбан шалу орындары, арнайы сайт, мерекелік намаз уақыты сынды пайдалы деректерді топтастырып, оқырман назарына ұсынды.