Жаңалықтар

Қазақстан Ресейден әкелінген арпа мен тұқымды өткізбеді

Бұған көршілес елден жеткізілген өнімдерден амброзия деген арамшөптің табылуы себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ӨНІМДЕРГЕ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Ресми ақпаратпен Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті бөлісті.

Импорттық өнімдерге жүргізілген фитосанитариялық мониторинг барысында карантиндік маңызы бар арамшөптермен ластану фактілері анықталды.

Бұзушылықтар Қостанай және Ақтөбе облыстарында тіркеліп, Ресейден жеткізілген азықтық арпа мен гуар тұқымдарының партияларын ел аумағына кіргізбеу шаралары қабылданды.

САРАПТАМА НӘТИЖЕСІ

Қостанай облысына қарасты Ұзынкөл ауданында Ресейден әкелінген 3 тонна гуар тұқымына жүргізілген қайта тексеріс кезінде карантиндік белгілер анықталды. Зертханалық сараптама нәтижесінде жусанжапырақты амброзияның бар екені расталды.

Сондай-ақ Ақтөбе облысында Башқұртстан Республикасынан жеткізілген 50 тонна азықтық арпаны тексеру кезінде де заңбұзушылық тіркелді. Сараптама нәтижесінде жусанжапырақты және үшбөлімді амброзияның бар екені анықталды.

Осыған қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды.

Back to top button