Жаңалықтар

Букмекерлік кеңселердің жұмысы қатаң бақылауға алынады

Қазақстанда ойын бизнесі нысандары мен букмекерлік кеңселерді реттейтін үлгілік қағидаларға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

БҰЙРЫҚҚА МИНИСТР ҚОЛ ҚОЙҒАН

Тиісті бұйрыққа 20 сәуірде Туризм және спорт министрі қол қойған. Құжатта құмар ойындарға қатысу тәртібі нақтыланып, елдің бірқатар туристік аймағында қосымша шектеулер енгізілген.

Жаңартылған талаптарға сәйкес, ойын бизнесін ұйымдастырушылар заңға сәйкес ресми түрде тыйым салынған адамдарды құмар ойындар мен бәс тігуге қатыстырмауға міндетті. Бұл норма казино мен ойын автоматтары залдарына ғана емес, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға да қолданылады.

АЙМАҚТАРҒА ЖЕКЕЛЕЙ ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛДІ

Сондай-ақ, бірқатар аумаққа қатысты жеке шектеулер қарастырылған.

Енді Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында, Жетісу облысының Алакөл жағалауында, Алматы облысының Талғар ауданында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл мен Зайсан аудандарында орналасқан ойын орындарына тек шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ғана кіре алады, – делінген ақпаратта.

Осыған ұқсас талаптар аталған өңірлердегі букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассаларына да енгізілді.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 17 мамырдан бастап күшіне енеді.

Back to top button