TOP-2Жаңалықтар

«Таза Қазақстан» бір күндік акция емес: Астанада жүзден аса адам бірігіп, тал екті

Астанада «Астана Тазалық» компаниясының бастамасымен, қалалық кәсіптік-техникалық колледж және Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығымен бірлесіп ауқымды түрде ағаш егу экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қалалық ортаны абаттандыру бағытындағы кезекті маңызды қадамға айналды.

Акция түрлі сала өкілдерін біріктірді – коммуналдық қызметкерлер, оқытушылар, студенттер, сондай-ақ дәрігерлер мен шұғыл медицина жүйесінің мамандары игі іске бірге атсалысты. Қатысушылар елорданы көгалдандыру ісіне өз үлестерін қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілікті арттырудың үлгісін көрсетті.

Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде үш ұйым арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат экологиялық мәдениетті дамытуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған. Яғни, «Астана Тазалық» компаниясының бастамасымен, қалалық кәсіптік-техникалық колледж және Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы бірге келісімге келіп, медицина мекемесінің аумағын көгалдандыруға атсалыспақ.

«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев

“Айналамызда, ауламызда бүгін тал-теректерді егіп жатырмыз. Бүгін жүзге жуық адам шықтық. Шырша бар, қарағай егеміз. Жаз басталған соң ауламызға гүл егеміз. Негізі теректер егеміз. Жұмысшыларымыз, қызметкерлеріміз, басқа жақтан қонақтар келген кезде әдемілікті көрген кезде тазалыққа көзі қуанып, өзі де соған ұмтылады. Сол себепті біз айналамызды таза әрі көркем ұстауға тырысамыз.

Әңгіме тал-теректің санында емес. Ары қарай, өсіп шығуында. Сондықтан біз теректің саны емес, сапасына қараймыз. Неліктен біз бүгін меморандум жасап жатырмыз? Себебі біз тал-теректерге күнделікті күтім керек. Сол себепті әрбір тал-теректі олар күтіп ұстап, баптап отырады. Келесі жолы тағы да басқа да шараларды қарастырамыз. Сондықтан, меморандумның аржағында да біркүндік шара емес, жалғасатын үлкен жұмыс тұр”, – дейді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев.

Мұндай бастамаларда коммуналдық қызмет саласы қызметкерлерінің рөлі ерекше. Олар күн сайын қала тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады.

Саладағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Астана Тазалық» ЖШС, мұнда 2000-нан астам қызметкер еңбек етеді және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.

«Мұндай акциялар – тек қаланы көгалдандыруға қосылған үлес қана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігі. Әртүрлі сала өкілдерінің бір мақсатта бірігуі қоғамда жаңа жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады», – деп қосты Альберт Есалиев.

Өз кезегінде медицина саласының өкілдері де экологиялық акциялардың маңыздылығын атап өтті.

“Қазір экология проблемасы өзекті. Себебі Арал теңізінен бөлек, Каспий теңізінің де суы жағадан шегініп, бәрімізді алаңдатып отыр. Біз дәрігер болған соң экологияның тазалығы ұлттың тазалығы екенін жақсы түсінеміз. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» жобасы шеңберінде біз кәсіптік-техникалық колледжі және Астана-Тазалық мекемесімен меморандумға қол қойдық. Соның шеңберінде өз аумағымызды көгалдандыру бағытында серістестік орнатамыз. Олар бізге көгалдандыруға көмектеседі, өйткені ол жұмыстың өзі кәсіби әрі кешенді амал-әдісті талап етеді. Ал біз өз тарапымыздан, дәрігерлер ретінде ұлттың денсаулығын нығайтуға үлесімізді қоса береміз.

Қоршаған ортаның тазалығы – халық денсаулығының маңызды факторы. Дәрігерлер қауымы үшін мұндай акцияларға қатысу – кәсіби әрі азаматтық міндет», – дейді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.

Ал білім беру саласының өкілдері мұндай іс-шаралардың жастардың экологиялық санасын қалыптастырудағы рөліне назар аударды.

«Мұндай бастамалар студенттер үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Жастар табиғатты қорғаудың маңызын іс жүзінде түсініп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйренеді», – деді кәсіптік-техникалық колледж директорының міндетін атқарушы Жанна Баймұратова.

Іс-шара барысында қатысушылар 100-ден астам ағаш көшеттерін отырғызып, елорданың жасыл қорын арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосты.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы кең ауқымда жалғасып жатыр. Ел бойынша көгалдандыру, аумақтарды тазарту және экологиялық ағарту бағытындағы бастамалар жүзеге асырылып, миллиондаған азаматтарды табиғатты қорғау мен тазалық идеясы төңірегінде біріктіреді.

«Таза Қазақстан» – ел аумағында қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықты табиғатты аялауға жұмылдыруға бағытталған республикалық ауқымды акция. Бұл бастама аясында өңірлерде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар, өзен-көл жағалаулары тазаланады. Акцияға мемлекеттік мекемелер, еріктілер, жастар ұйымдары және қарапайым тұрғындар белсенді қатысады.

Негізгі мақсат – қоғамда тазалыққа деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық сана қалыптастыру. Сонымен қатар, акция арқылы қалдықтарды сұрыптау мәдениетін дамыту және қоршаған ортаны ластау мәселесіне назар аударту көзделген.

«Таза Қазақстан» тек бір реттік шара емес, ол тұрақты экологиялық әдеттерді қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді бастама ретінде қарастырылады. Осы арқылы тұрғындар өз ауласынан бастап, тұтас елдің тазалығына үлес қосуға шақырылады. Мамандардың айтуынша, мұндай акциялар табиғатты сақтауға ғана емес, қоғамның бірлігін нығайтуға да ықпал етеді.

Back to top button