Қазақстанда банк төлемдеріне арналған бірыңғай QR-код жүйесі биыл жазға қарай іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, қазір екінші деңгейлі банктер өз жүйелерін бір-бірімен үйлестіру және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін техникалық тұрғыда біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бұған дейін әрбір банк QR-төлемдер үшін өз технологиялық шешімдерін және қауіпсіздік жүйелерін жеке-жеке дамытты. Енді сол жүйелерді өзара үйлестіріп, бір платформаға біріктіру қажет», – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы келтірген мәліметке сәйкес, биыл наурыз айының басындағы жағдай бойынша бірыңғай QR жүйесіне қатысу туралы келісімдер 15 банкпен жасалған. Олардың қатарында Kaspi Bank те бар. Алайда әзірге тек алты банк пен «Қазпошта» ғана QR-төлем сервисіне нақты қосылған.
Айта кетейік, бұл технологияны әзірлеу бірнеше жылға созылды. Жоба техникалық күрделілікке байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген. Бұған дейін Ұлттық банк басшысы жүйе 2024 жылдың соңына дейін іске қосылатынын айтқан еді.