Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы шешімін жариялады
Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ САҚТАЛЫП ОТЫР
Ұлттық банк баспасөз қызметі мәліметінше, жылдық инфляция 2026 жылғы наурызда 11%-ға дейін баяулады (ақпанда – 11,7%): азық-түлік инфляциясы – 11,7% (12,7%), азық-түлікке жатпайтын инфляция – 11,3% (11,6%), сервистік инфляция – 10,0% (10,8%).
Инфляцияның баяулауына бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары, айырбас бағамының қолайлы серпіні, тұтынушылық кредиттеу қарқынының баяулауы аясында тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, сондай-ақ ТКҚ мен ЖЖМ бағасын өсіруге қойылған мораторий мен Үкіметтің басқа да инфляцияға қарсы шаралары септігін тигізді.
Наурызда айлық инфляция ақпандағы 1,1%-дан кейін 0,6%-ға дейін төмендеді. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да баяулады. Дегенмен, олардың ағымдағы деңгейі бұрынғыша 5% нысанаға қол жеткізу үшін қажетті деңгейден жоғары қалыптасып отыр, бұл экономикада инфляциялық қысымның сақталғанын көрсетеді. Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 14,6% (13,7%) деп бағаланып, жоғары қалпында қалды. Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылға инфляция бойынша күтулері 10,0% деңгейінде сақталып отыр, – делінген ақпаратта.
Ресейде инфляция деңгейі әлі де жоғары. Соған қарамастан, Ресей Орталық банкі 2027 жылы оны нысаналы көрсеткішке дейін төмендету бағытын ұстанып келеді. Ал, Еуроаймақ пен АҚШ-та наурыз айында инфляцияның жеделдеуі нарықтағы белгісіздік пен тәуекелдерді еселей түсті. Осыған байланысты ЕОБ мен ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді өзгертпеу туралы шешім қабылдап, алдағы уақытта да мейілінше сақтық танытатынын растады.
ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ТАУАР БАҒАСЫНА ӘСЕРІ
Алдын ала деректерге сүйсенсек, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында экономиканың өсімі жылдық мәнде 3,0%-ды құрады. Мұнай секторындағы динамиканың бәсеңдегеніне қарамастан, басқа салалардағы жоғары іскерлік белсендiлiктiң арқасында экономиканың даму көрсеткіші тұрақты сипат алып отыр. Әсіресе, құрылыста, көлік пен өңдеу өнеркәсібінде және сауда саласында жоғары өсу қарқыны байқалады.
Проинфляциялық тәуекелдер ең алдымен Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты. Сонымен қатар, мораторий аяқталған соң ТКҚ мен ЖЖМ тарифтерінің инфляциядан жоғары қарқынмен қайта өсуі, сондай-ақ реттелетін бағалардың артуы қосымша тәуекел тудырады. Бұл өзгерістер бизнестің шығындарын көбейту арқылы тауарлар мен қызметтердің бағасына қайта әсер етуі мүмкін, – делінген банк ақпаратында.
Бизнестің жаңа салық талаптарына бейімделуі мен халық арасындағы жоғары инфляциялық күтулер де тұрақты бақылауды қажет етеді. Ортамерзімді кезеңде инфляцияны төмендету бағытын сақтап қалу үшін бюджет шығындарын жүйелі түрде оңтайландыру мен квазифискалдық ынталандыру шараларын байыппен жүргізу маңызды шарт болып қала береді.
МӘН-ЖАЙЫ
Қазіргі инфляцияның баяулау үрдісін алдағы уақытта бекіте түсу қажет. Ақша-кредит шарттарын жұмсартпас бұрын, реттелетін бағалар мен тарифтер реформасы қайта жанданған жағдайда және екінші жартыжылдықта квазифискалдық импульстің күшеюі аясында дезинфляциялық процестiң қаншалықты орнықты екенін растап алу қажет болады. Сонымен қатар, экономиканың салық саласындағы өзгерістерге бейімделу барысына талдау жасап, сыртқы экономикалық ахуалды мұқият қадағалап отыру маңызды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 5 маусымда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.