Руслан Жанпейісовтің үстінен қозғалған іс тоқтатылды
Шымкент қаласының әкімшілік соты блогер Руслан Жанпейісовке қатысты әкімшілік істі тоқтатты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СУДЬЯ НЕ ДЕДІ
Otyrar.kz мәліметінше, ол «полицияның заңды талаптарына бағынбау, қоғамдық тәртіпті бұзу және құқық қорғау органдарына құрметсіздік таныту» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынған болатын.
Судья оның әрекеттерінде әкімшілік құқықбұзушылық құрамының жоқ екен деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, әкімшілік хаттама толтырған инспекторға қатысты жеке қаулы шығарылды.
Жанпейісовке қатысты 10 полиция қызметкері рапорт жазған.
МӘН-ЖАЙЫ
Оқиға 22 сәуірге қараған түні болған. Жанпейісов Байдібек би даңғылында Қызылордадан келген полиция қызметкерлері жүргізген рейд барысында оларға жақындап, әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, өз пікірін білдірген.
Кейінірек ол жұмыс орнында ұсталып, полиция қызметкерлері тарапынан қамауға алынған.
Алайда оны қамауға алу туралы құжаттар тек тергеу изоляторына жеткізілгеннен кейін ғана рәсімделгені белгілі болды.
Жанпейісов болса, ешқандай заң бұзбағанын айтып, керісінше, полиция қызметкерлері оның құқықтарын шектеді деп санайды.