Жаңалықтар

«Басты мақсат – оқитын ұлт қалыптастыру»: ШҚО-да Ұлттық кітап күні аталып өтті

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде облыс әкімі Нұрымбек Сақтағановтың, аймақ зиялылары мен кітапсүйер қауымның қатысуымен Ұлттық кітап күні аталып өтті. Аймақ басшысы өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ғимаратының алдында түрлі жастағы тұрғындар жиналып, кітап пен оқу мәдениетіне құрмет көрсетті. Аталған руханият ордасына 130 жыл толды. Өңір басшысы бұған дейін атап өткендей, мұнда соңғы жиырма жылда алғаш рет демеушілер қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүргізілген.

Әкім өз сөзінде кітаптың жеке тұлғаның қалыптасуы мен дүниетанымын кеңейтудегі маңызы зор екенін, ал өңірде кітап оқуға деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын айтты.

“Кітап – ұрпақтар арасын жалғайтын алтын көпір, білім мен ғылымның, ағартушылықтың негізгі қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, кітап әрдайым тұлғаның дамуына ықпал ететін маңызды құрал болып қала береді. Бүгінде елімізде «Оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның басты мақсаты – қоғамда тұрақты оқу мәдениетін қалыптастырып, сыни және аналитикалық ойлауды дамыту”, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы елдегі оқу залдарына келушілер саны бойынша көшбасшылар қатарында. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір 3 452 783 келуші көрсеткішімен 4-орынға ие болды.

Ал алғашқы үштікте Солтүстік Қазақстан (4 649 072), Түркістан (4 149 395) және Ақмола (3 736 916) облыстары бар. Соңғы орында Атырау (1 270 012) және Маңғыстау (1 038 190) облыстары тұр.

“Біз облыс тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің міндет – осы сұранысты қолдау: кітапханаларды дамыту, кітаптарды қолжетімді ету және жастар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру”, – деді әкім Нұрымбет Сақтағанов.

Кітапханаларды жаңғыртуға, ағартушылық іс-шараларды өткізуге және балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тартуға ерекше көңіл бөлініп жатыр.

Мереке аясында келушілер үшін тақырыптық аймақтар мен шығармашылық алаңдар жұмыс істеді. Балалар мен ересектер ұлттық және зияткерлік ойындар ойнап, сүйікті әдеби кейіпкерлерін бейнелеп, шахматтан бақ сынады. «Кейіпкерлер эмоциясы: тану сиқыры» атты интерактивте қатысушылар кейіпкерлерді репликалары арқылы танып, олардың дауыс ырғағын дәл келтіруге тырысты. Ал эмоцияны жеткізу деңгейін жасанды интеллект бағалады.

Үздік оқырмандар облыс әкімінің қолынан марапат алды. Марапатталғандардың қатарында үшінші сынып оқушысы Мадияр Рамазан да бар. Ол бес жасынан бері облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына тұрақты барып, ертегілерден бастап көркем әдебиетке, кейін ғылыми энциклопедияларға дейінгі оқырмандық жолдан өткен.

“Мен энциклопедияларды оқығанды жақсы көремін. Онда қоршаған әлем туралы көптеген қызықты деректерді білуге болады. Кітап адамның ой-өрісін кеңейтеді. Барлық адамға көбірек оқуға кеңес беремін, – деді жас оқырман.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қазақ жазушысы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұсынды. Келушілер жазушының кітаптарымен қатар, күнделік жазбаларын, жас шағындағы фотосуреттерін және қаламгер әріптестері – Әлібек Асқаров пен Қалихан Ысқақовпен бірге түскен суреттерін тамашалады.

Бұл мереке өңірде кітапқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсетіп, әр буын өкілдерін бір ортаға тоғыстырған тағылымды шараға айналды

Back to top button