Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов мұғалімдердің біліктілік тестінің тоқтатылуына қатысты пікір білдіріп, бұл шешімнің салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Tizgin.kz тілшісінің сауалына жауап берген депутаттың сөзінше, аттестацияны тоқтату педагогтердің кәсіби деңгейін бақылаудан шығарып алу қаупін күшейтеді.
«Мұғалімдердің біліктілігінң дамуын жоғалтып алуымыз мүмкін. Олардың өзін-өзі жетілдіру мәселесін бақылаудан шығарып алуымыз ықтимал. Мәселен, өзге Еуропа, Америка елдеріндегідей мектептердің 90 пайызы жеке меншік қолында. Ал бізде Қазақстанда 70-80 пайызы мемлекеттің қолында. Сондықтан мемлекеттің бақылау-қадағалау болу керек. Мұғалімдердің аттестаттауын қосымша аккредиттелген жеке меншік ұйымдарға берсе, сол анағұрлым, шынайы таза болатын еді. Бұл жерде ешқандай коррупция орын алмайтын еді», – дейді депутат.
Сонымен қатар депутат қоғамда қызу талқыланып жатқан мұғалімдердің ғылыми мақалаларын халықаралық, соның ішінде Scopus базасына енетін журналдарда жариялау мәселесіне де тоқталды.
«Мұғалімдер, әсіресе орта мектеп жүйесінде жұмыс істейтін педагогтер Scopus сияқты журналдарға мақала жариялау немесе монография жазуы керек дегенге келіспеймін. Бұл – негізінен жоғары білім беру саласында ғылыммен айналысатын мамандарға тән талаптар. Қазірдің өзінде мұғалімдерге ғылыми жұмыстарға қатысу, жетекшілік ету үшін конференцияларға қатысу, мақалалар жариялау, халықаралық және республикалық деңгейде еңбек шығару сияқты талаптар қойылып отыр.
Соның өзінде біз формализмге ұрынып жатырмыз. Түрлі «ашық сабақ» форматтары бар. Яғни жүйе сападан гөрі сан қуалауға бет бұрып бара жатыр», – деді Ерболат Саурықов.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді пәндік біліктілік тестінен босатылатынын бұған дейін айтқан еді. Осы жаңалық ұстаздар арасында көп талқыға түскені белгілі.
Министрді көпшілік қолдаса да, оған қарсы пікір білдіріп жатқандар да бар. Сол пікірдің бәрін министр оқып отырғанын айтады. Бірнеше сұрақ барын айтып, соларға жауап беретінін мәлім еткен еді.