Тергеу

Абай облысында 250 млн теңге жымқырды деген фермердің ісі сотқа жетті

Абай облысында агробизнеске бөлінген бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігінің өңірлік департаменті ақпарат таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, аталған іс прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асқан «Агробизнес» жобасы аясында анықталған. Жоба фермерлік шаруашылықтарды қолдауға бағытталып, мал шаруашылығын дамыту үшін жеңілдетілген несиелер беруді көздейді.

“Алайда «Ықыбай» шаруа қожалығының басшысы мемлекеттік қолдау тетігін жеке пайдасына пайдаланған. Ол жалған құжаттар ұсыну арқылы ірі қара мал сатып алуға арналған жалпы сомасы 250 млн теңгеден асатын екі бірдей несие рәсімдеген. Тергеу барысында бұл қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды. Яғни, құжат жүзінде кепіл ретінде көрсетілген мал да, мүлік те іс жүзінде сатып алынбаған. Ал бөлінген қаржы күдіктінің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі 211 млн теңгені құрады. Тергеу кезінде күдікті бұл соманы толық өтегені хабарланды”, – делінген хабарламада.

Қазір оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.

Back to top button