Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 1 мамырдан бастап “Достық” құбыры арқылы Қазақстаннан мұнай жеткізудің тоқтатылуы мүмкін екендігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМДЕМЕСІ
БАҚ-та Ресей тарапының шешімімен 1 мамырдан бастап “Достық” құбыры арқылы Германияға қазақстандық мұнайды жеткізу тоқтатылуы мүмкін деген ақпарат тарады. Бұл бағыт бойынша Қазақстан Германияның мұнай өңдеу зауыттарына тәулігіне 200 мың баррельге дейін мұнай экспорттайды.
Министр журналистерге Ресей тарапының бастамасымен мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды жеткізу тоқтатылуы мүмкін екенін бейресми дереккөздерден білгенін айтты.
“Ресей тарапынан әзірге ресми мәлімдеме болған жоқ. Бірақ бейресми дереккөздер арқылы бұның рас екенін білеміз. Мамырда Атырау – Самара, одан әрі “Достық” мұнай құбыры арқылы “Швед” зауытына транзит жоспарланған болатын. Мамырда көрсеткіш нөлге тең (дегенмен мамырда жеткізілім қарастырылмаған – ред. еск). Ресей тарапы, тағы да бейресми деректерге сүйенсек, қазақстандық мұнайды айдауға техникалық мүмкіндіктің жоқтығын алға тартқан. Бұл Ресейдің инфрақұрылымына жасалған соңғы соққыларға байланысты болуы мүмкін. Мен осындай болжам жасап отырмын”, – деді Ерлан Ақкенженов Астанадағы экологиялық форум аясында.
ЖӨНЕЛТІЛІМДЕР ҚАЙТА БӨЛІНЕДІ
Сондай-ақ министр жеткізілім 2026 жылдың 1 мамырынан бастап тоқтатылады деп күтілетінін мәлімдеді. Алайда, оның айтуынша, әзірге сөз тек бір ай туралы болып отыр.
“Қазір бұл тек мамырға ғана қатысты. Екінші тоқсанға арналған индикатив бойынша Ресей тарапы үш айдың бәрінде де нөлдік көрсеткішті көрсетті (барлық үш ай бойынша нөлдік көлемді көрсетті – ред. еск). Бірақ мен әріптестеріммен сөйлестім, есімдерін атамай-ақ қояйын, техникалық мүмкіндік мәселесі шешіле салысымен қазақстандық мұнай транзиті қайта жанданады”, – деп уәде берді Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, жөнелтілмеген көлемдер басқа бағыттар бойынша қайта бөлінеді. Биыл “Достық” құбыры арқылы Қазақстанның 80 миллион тонна мұнайының шамамен үш миллион тоннасы жөнелтілуі керек.
Оның деректері бойынша, 2025 жылы “Достық” арқылы 2,1 миллион тонна мұнай жеткізілген. Қазақстандық мұнай “Швед” зауыты тұтынатын өнімнің шамамен 20–30 пайызын қамтамасыз етеді.
МӘН-ЖАЙЫ
Айта кетейік, бұған дейін осы туралы Reuters агенттігі хабарлаған еді. Оның мәліметінше, Ресей Қазақстаннан Германияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы барып жатқан экспортты тоқтатуды жоспарлап отыр. Саладағы үш дереккөздің айтуынша, жаңартылған экспорт кестесі Қазақстан мен Германия тараптарына жіберілген.
Дереккөздер Reuters агенттігіне анонимді түрде пікір білдіріп, бұл шешімнің нақты себептері ресми түрде жарияланбағанын атап өтті. Алайда сарапшылар мұны геосаяси факторлармен байланыстырады.
Атап айтқанда, Ресей мен Германия арасындағы саяси және іскерлік қарым-қатынастар Украинадағы соғысқа байланысты айтарлықтай шиеленіскен. Берлин Киевті қолдап отыр, ал бұл өз кезегінде энергетикалық байланыстарға да әсер етуде.
«Дружба» құбыры арқылы Қазақстан мұнайы Германияға жеткізіліп келген болатын. Егер бұл бағыт жабылса, Қазақстан үшін балама экспорт маршруттарын іздеу мәселесі қайтадан өзекті болмақ.