Тергеу

Түркістандағы жасөспірім өлімі бойынша күдіктілер тергеліп жатыр

Түлкібас ауданында 17 жастағы жасөспірімді өлтіру фактісіне сәйкес тергеу аяқталуға шақ. Іздеуде жүрген тағы күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

ІС СОТҚА ЖОЛДАНАДЫ

Түркістан облыстық полиция департаменті осы іс бойынша барлық күдіктілер анықталып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Күдіктілер ұсталды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс келесі айда сотқа жолданады деп жоспарланып отыр, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар полиция қару қолдану мән-жайы мен шабуыл себептері туралы ресми түсініктеме тергеу толық аяқталғаннан кейін берілетінін нақтылады.

МӘН-ЖАЙЫ

Оқиға 2025 жылдың 2 қарашаға қараған түні болған. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл кенеттен жасалған. Бетперде киген ер адамдар көшеде тұрған жастарға оқ жаудырып, салдарынан Көктерек ауылының 17 жастағы тұрғыны мерт болды. Сол түні ол ағасымен бірге дәріханаға барған. Бұл оқиғада тағы үш жігіт жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Марқұмның туыстары жасөспірімнің ешқандай жанжалға қатысы болмағанын, кездейсоқ құрбан екенін айтады. Зардап шеккендердің бірі оқиғаның бәрі күтпеген жерден болғанын, шабуыл жасағандар тіл қатпастан, бірден оқ атқанын жеткізді.

Полиция қызметкерлері алғашқы күдіктіні бір тәулік ішінде ұстады. Алайда оның сыбайласын іздеу ұзаққа созылды. Кейін оның жүрген жері анықталып, ол да қолға түсті.

Back to top button