Ресей 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын Германияға жеткізуді тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі салалық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Агенттік мәліметінше, Ресей Қазақстаннан Германияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы барып жатқан экспортты тоқтатуды жоспарлап отыр. Саладағы үш дереккөздің айтуынша, жаңартылған экспорт кестесі Қазақстан мен Германия тараптарына жіберілген.
Дереккөздер Reuters агенттігіне анонимді түрде пікір білдіріп, бұл шешімнің нақты себептері ресми түрде жарияланбағанын атап өтті. Алайда сарапшылар мұны геосаяси факторлармен байланыстырады.
Атап айтқанда, Ресей мен Германия арасындағы саяси және іскерлік қарым-қатынастар Украинадағы соғысқа байланысты айтарлықтай шиеленіскен. Берлин Киевті қолдап отыр, ал бұл өз кезегінде энергетикалық байланыстарға да әсер етуде.
«Дружба» құбыры арқылы Қазақстан мұнайы Германияға жеткізіліп келген болатын. Егер бұл бағыт жабылса, Қазақстан үшін балама экспорт маршруттарын іздеу мәселесі қайтадан өзекті болмақ.