«Самұрық-Қазына» қоры басшысы 800 млн теңге табысты қалай тапқанын айтып берді
«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов журналист Жания Уранкаеваның сұрағына берген жауабында 800 млн теңге табысты қалай тапқанын айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрлан Жақыпов 2022-2024 жылдар аралығында, үш жыл ішінде шамамен 800 млн теңге табыс алғанын декларациялаған. Бұл мәліметтер қордың топ-менеджерлерінің табыстары туралы жарияланған деректерде көрсетілген.
Ақордадағы жиында осы табысты қор басшысы қалай тапқанын былай түсіндіреді:
“Менің жұмыс өтілім – 27 жыл. Соның 16 жылында мен жеке секторда еңбек еткенмін. Әлемдік, халықаралық банктерде еңбек еттім. Шетелде жұмыс істедім. Өз бизнесім болды. Сол себепті бұл – менің жеке секторда еңбек еткен кезде тапқан табысым”, – деді ол.
Жақыпов қорға келмей тұрып, бірде бір күн мемлекеттік мекемеде еңбек етпегенін, бизнес саласында болғанын айтты. “Миллиардерсіз бе?” деген сұраққа ол “бұл сұрақ жөнінде пікір қалдырғым келмейді” деп жауап берді.
“Өмірбаянымды ашық дереккөздерден оқысаңыз, мен Credit Suisse, RBS (Kazakhstan), UBS (Ротшильдтер банк) банктерінде еңбек еткенімді көрер едіңіз. Мен сонымен бірге, инвестициялық қорларда жұмыс істедім. Жеке секторда жүргенде декларациялаған табысымды таптым”, – дейді Нұрлан Жақыпов.
Нұрлан Жақыпов бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорындағы қызметкерлердің 10 пайызы қысқартылатынын мәлім еткен еді.