Беташарда бума-бума ақша шашқан депутат жазаланды
Ақтөбеде беташар кезінде мол ақша санап, көптің назарын аударған қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тәртіптік жазаға тартылды. Желіде қызу талқыланған оқиғаға байланысты оған сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ҚАРАДЫ
Депутаттың бума-бума ақша санап тұрғанын желі қолданушылары бірден таныған. Кейін ол бұл әрекеті орынсыз болғанын мойындады.
Аталған видео алдымен той өткен мейрамхананың Instagram парақшасында жарияланған. Кейін оны жергілікті пабликтер тарата бастады. Бірі мұны қазақтың дәстүрінде бар қалыпты жағдай десе, енді бірі оны бос мақтан деп сынға алды. Әлеуметтік желі қолданушылары Қайырғалиевтің жай қонақ емес, депутат әрі әкімнің ұлы екенін атап өткен.
Желідегі талқыдан кейін оқиға депутаттық әдеп жөніндегі комиссияның қарауына өтті. Тексеру 20 сәуірде өткен. Нәтижесінде Қайырғалиевке “сөгіс” түріндегі тәртіптік жаза берілді.
ЖАҚЫН ДОСЫНЫҢ ТОЙЫ ЕКЕН
“Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттық әдеп жөніндегі комиссиясы шешіміне сәйкес, депутат Аслан Қайырғалиевке сөгіс жарияланды. Комиссия Instagram желісінде жарияланған бейнежазбаларды жан-жақты қарап, барлық мүшенің пікірін ескере отырып осындай шешім қабылдады”, – деді мәслихат төрайымы Анар Даржанова.
Ал Аслан Қайырғалиев бұл оның бала күнгі жақын досының тойы болғанын айтты. 4 миллион теңгені достары бірігіп жинаған. Ал өзіне, күйеу жолдас ретінде, сол сыйлықты табыстау міндеті жүктелген. Депутат сыйлықты қалай тапсырғаны шын мәнінде орынсыз көрінгенін мойындады.
“Қазір ғана түсініп отырмын, ақшаны санап тұрған сәтім әдепсіз көрінді. Мақтану ойымда болған жоқ, тек эмоцияның әсері еді”, – деді ол.
Сонымен қатар Қайырғалиев айтылған сынмен келісетінін және мұндай әрекетті енді қайталамайтынын жеткізді.