Мүгедектер арбасы енді азаматтарға жалға беріледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың сөзінше, аталған жоба үш өңірде сынақтан өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Мәлім болғандай, елде оңалтуға арналған техникалық құралдарды жалға беру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында қазіргі қолданыстағы жүйе қайтарымсыз негізде жұмыс істейтінін айтты.
«Бұл жүйе құралдардың нақты жағдайын, тозу деңгейі мен жөндеу мүмкіндігін толық ескере бермейді. Осыған байланысты жалға беріп, кейін қайтару шарттарына негізделген жаңа тетікті енгізіп отырмыз», – деді Ертаев.
ЕСКІСІ ЕСЕПТЕН ШЫҚСА, ЖАҢАСЫ БЕРІЛЕДІ
Министрдің айтуынша, қайтарылған техникалық құралдар міндетті түрде сараптамалық тексерістен өтеді. Соған сәйкес олардың жөндеуге жарамдылығы, ауыстыру қажеттілігі, қайта пайдалану мүмкіндігі немесе есептен шығару мәселесі шешіледі.
«Ақау анықталса, құрал жөндеуге жіберіліп, кейін қайта айналымға енгізіледі. Ал мүлде жарамсыз деп танылса, есептен шығарылып, өтініш берушіге жаңасы беріледі. Қайтарым тетігі қамтамасыз ету мерзімін қысқартып, оңалту құралдарының қолжетімділігін арттырады», – деді ведомство басшысы.
Жоба маусым айынан бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар өңірлерінде пилоттық режимде іске қосылады.