Мұнай бағасы тағы құлдырады
Өткенде ғана әжептәуір бағасы көтерілген мұнай бағасы енді қайта төмендеді. Мұндай өзгеріске АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс әсер етіп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Сарапшылар мұндай келіссөздер Таяу Шығыстағы негізгі өңірден мұнай жеткізілімінің артуына жол ашуы мүмкін деп топшылап отыр.
Brent маркалы мұнай фьючерстері 95 центке (1%) арзандап, барреліне 94,53 долларды құрады. Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) маркалы мұнайдың мамыр айындағы жеткізілімге арналған фьючерстері 1,54 долларға (1,72%) төмендеп, 88,07 доллар деңгейіне түсті. Сауда қызатын маусым айындағы WTI келісімшарты да 1,09 долларға (1,3%) арзандап, 86,37 доллар болды.
БАҒА ТАҒЫ ӨСЕ МЕ
Айта кетейік, дүйсенбі күні Иран Ормуз бұғазын қайтадан жауып, жеткізілімнің үзілуі мүмкін деген алаңдаушылықты күшейткен еді. Соның нәтижесінде екі негізгі эталон да айтарлықтай өсім көрсеткен болатын. Алайда қазір инвесторлар алдағы келіссөздердің қазіргі атысты тоқтату режимін ұзартуы немесе түбегейлі келісімге алып келуі мүмкін деген үмітке басымдық беріп отыр.
Иранның жоғары лауазымды өкілінің мәлімдеуінше, Тегеран Пәкістанда өтуі ықтимал бейбіт келіссөздерге қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Дегенмен АҚШ енгізген шектеулер бейбіт бастамаларды қайта жандандыруға елеулі кедергі келтіруде.
Citi сарапшылары, қақтығыстардың ушығу және мұнай жеткізілімінің бұзылу қаупі әлі де сақталып отырғанын айтты. Егер Ормуз бұғазындағы кідіріс тағы бір айға созылса, жалпы шығын көлемі шамамен 1,3 миллиард баррельге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда 2026 жылдың екінші тоқсанында мұнай бағасы барреліне 110 долларға дейін көтерілуі ықтимал.