АҚШ Қарағандыдағы вольфрам кен орнының 70%-ын сатып алды
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес ұйымы саналатын «Тау-Кен Самұрық» компаниясы «Солтүстік Қатпар» вольфрам кен орнындағы 70% акциясын сату туралы келісім жасасты. Енді ол америкалық Cove Kaz Capital Group компаниясына тиесілі, деп хабаралайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
КЕН ОРНЫНДА ҚАНША ВОЛЬФРАМ БАР
Компания мәліметінше, 16 сәуірде мүдделер қайшылығы бар ірі мәміле бойынша келісімге қол қойылған. Ал «Солтүстік Қатпар» кен орнындағы 70% үлесті сату жөніндегі негізгі сатып алу-сату шарты 2026 жылғы 13 ақпанда «Тау-Кен Самұрық» пен Cove Kaz Capital Group LLC арасында жасалған.
«Солтүстік Қатпар» компаниясы Қарағанды облысындағы Солтүстік Катпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындарында вольфрам-молибден кендерін барлап, өндірумен айналысады. Геологиялық бағалауларға сәйкес, Солтүстік Катпар кен орнында шамамен 90 мың тонна вольфрам және 13 мың тонна молибден қоры бар.
Сонымен қатар, eGov деректеріне сәйкес, қазір «Солтүстік Катпар» компаниясы толықтай «Тау-Кен Самұрықтың» меншігінде екені көрсетілген.
МӘН-ЖАЙЫ
Cove Kaz Capital Group LLC халықаралық Cove Capital LLC инвестициялық тобының құрамына кіреді. Бұл топ 2015 жылдан бері тау-кен саласындағы жобаларға – геологиялық барлаудан бастап құрылыс кезеңіне дейін инвестиция салып келеді. Компанияның кеңселері АҚШ пен Австралияда орналасқан.
Бұған дейін, ақпан айында «Тау-Кен Самұрық» пен америкалық Cove Capital компаниясы Қарағанды облысындағы әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірі – Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты жобаларын бірлесіп игеру туралы бірқатар келісімге қол қойған болатын.
Жоба аясында Cove Capital кемінде 1,1 млрд АҚШ долларын инвестициялауға міндеттеме алған. Оның ішінде 900 млн долларды АҚШ-тың Экспорттық-импорттық банкі қаржыландыруға дайын екенін білдірген. Жоба нәтижесінде Қазақстанда шамамен 2 мың жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандарға басымдық берілетіні айтылған.