Журналист Вадим Борейко қоғам белсендісі, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың соты басталғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Вадим Борейко белсендіден өз атына хат жолдағанын айтады. Хаттың расында да, Алмасбек Садырбай жазғанын адвокат Анар Құсайынова жазуынан танып білген.
Хатта белсенді өзі жатқан Алматыдағы 72-ші тергеу изоляторының басшылығының үстінен шағымданған. Атап айтқанда, тамақ дұрыс берілмейтінін, айыпталушылар уақтылы сағаттық серуенге (түрме аумағында) шықпайтынын, шахмат пен шашки сияқты ойын тақталары кіргізілмейтініне шағым айтқан. Осыған байланысты Алмасбек Садырбай аштық жариялайтынын да мәлім еткен.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ
2025 жылдың қаңтарында Гиперборей арнасында Алмасбек Садырбайдың уақытша оқшаулағыштан жариялаған видеосы пайда болған еді. Онда Садырбай «мен мұнда не үшін отырғанымды білмеймін, сот әділетті шешім қабылдар деген сенімдемін, мен тергеу амалдарының бәрінде серіктесуге дайынмын, маған қорғануға, адал атымды қорғауға мүмкіндік беріңіздер, басқа ештеңе керек емес» дейді Садырбай
Алмасбек Садырбай 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Былтырдан бері оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
Биыл мамыр айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Алмасбек Садырбайдың ісін прокурорлардың өздері тергеп жатқанын мәлімдеген.
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде А.Садырбайдың Орталық Азия университетін «экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбай Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.
Алмасбек Садырбайды тергеу ісі аяқталған.