Қазақстан есірткіге қарсы күресті күшейтті: үш айдағы нақты нәтиже қандай
Құқықтық статистикаға сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы үш айында есірткі айналымына қатысты 3364 құқық бұзу фактісі тіркелген. Оның 1623-і қылмыс, 1741-і теріс қылық, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау мен пайдаланудың 1902 дерегі, сату, тасымалдау, таратумен байланысты 1145 іс тіркелген. Бұл қара нарықта есірткіге сұраныс сақталып отырғанын аңғартады.
Синтетикалық есірткінің үлесі де азаймай тұр. 7,7 мың грамнан астам метамфетамин, 156 мың грамнан астам меткатинон тәркіленген. Ал 20 мың грамнан астам синтетикалық стимулятор заңсыз айналымнан шығарылған. Бұл деректер бір жағынан қылмыскерлер химиялық жолмен жасалатын есірткіге маманданғанын көрсетсе, екінші жағынан құқық қорғау қызметі де күресті тиімді жолға қоя алғанын көрсетеді.
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов жыл басынан бері 34 жасырын есірткі зертханасы жойылғанын айтады.

“Оның 10-ы синтетикалық есірткі өндіруге, 24-і өсімдіктен есірткі шикізатын алуға бағытталған. 840 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл 3 млн дозаның өнімі деген сөз. Осылайша есірткі бизнесі 29 миллиард теңгеден астам шығын шекті. Есірткі саудасына қатысы бар екені анықталған алты мыңға жуық қазақстандық банк картасы, 108 мың шетелдік карта мен шот бұғатталды. 93 миллион теңгеге шектеу қойылды, – дейді ІІМ өкілі.
Есірткі қылмысына күдікті ретінде ұсталған 1403 адамның ішінде кәмелетке толмаған 20 тұлға, 70 әйел бар. Бұрын есірткімен байланысты қылмысы үшін жазаланған 100 адам қайта заң бұзған. Аталған 1403 адамның басым бөлігі – Қазақстан азаматтары (1306 адам), қалғаны – шетел азаматтары.
Заң мен тәртіп қағидаты есірткіге қарсы күрестің де басым бағытына айналған. Мысалы, 2025 жылдың қаңтарында есірткі айналымына қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған заң күшіне енді. Құжатта есірткі өндіру мен таратуды ұйымдастырушыларға жаза қатаңдатылды. Нақты айтсақ, ұйымдастырушылардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылатын болды.
Ал есірткі көмушілердің жазасы ішінара жеңілдетілді. Алғаш рет ұсталса және ауырлататын мән-жай болмаса, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ондай әрекетті екінші рет қайта жасаса, жаза 7–12 жылға дейін күшейеді. Мұндай өзгеріс жастардың көбіне ұйымдастырушылардың ықпалына түсетінін ескеріп енгізілген.
Құқық қорғау органдары үш айдың ішінде 1,1 млн грамнан астам қарасораны, 200 мың грамнан астам гашишті айналымнан шығарды.