2050 жылға қарай Қазақстанда кемі үш АЭС салу жоспарланып отыр

Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі атом саласын дамыту стратегиясын іске асыру жоспары 2050 жылға дейін жобаланғанын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.
Стратегиялық жоспар елде 2050 жылға қарай кемінде үш атом электр станциясының жұмыс істеуін көздейді.
“Электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуін ескере отырып, төртінші станцияны салу жобасын іске асыру қарастырылған. Бұл экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық таза энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деп хабарлайды агенттік.
Сондай-ақ елдің қолайлы өңірлерінде шағын модульдік реакторлар (ШМР) базасында АЭС салу нұсқалары технологиялық және экономикалық орындылығын ескере отырып қарастырылады. Сонымен қатар пайдаланудан шығарылатын көмір электр станцияларын тиісті атомдық қуаттармен алмастыру мүмкіндігі де назарға алынады.
Агенттік осының барлығы экономиканың энергетикалық секторын әртараптандыруға және елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтеді.