
Bloomberg агенттігі Қашаған жобасының операторлары 5 млрд доллар экологиялық айыппұл төңірегіндегі апелляцияда жеңілгенін хабарлады. Осы ақпаратты Tizgin.kz порталына Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі растады.
“Экология және табиғи ресурстар министрлігі Bloomberg сауалына жолдаған жауапта Астана соты 8 сәуірде Қашаған кен орнында күкіртті шамадан тыс сақтағаны үшін салынған 2,356 трлн теңге айыппұлды күшінде қалдырғанын мәлім етті. North Caspian Operating Company (NCOC) электронды хат арқылы соттың бұл шешімімен келіспейтіндерін, күкірт сақтау әрекеті заңға сәйкес екенін жеткізді. Консорциум мен оның акционерлері «өз құқықтарын қорғау үшін барлық қолжетімді тетіктерді пайдаланатынын» жеткізді, – деп жазады агенттік.
Сондай-ақ, осы даудан хабары бар адамдар Bloomberg-ге анонимдік шартымен пікір білдіріп, операторлар апелляциядан жеңілгенмен, кассациялық шағым түсіре алады.
Биыл ақпанда Қашаған жобасының операторлары аталған экологиялық айыппұлды даулау үшін халықаралық төрелікке жүгінетіндерін мәлім еткен.