TOP-1Жаңалықтар

БҰҰ құлдырап бара жатыр деген пікірмен келісуге тура келеді – Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумындағы «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панельдік сессиясында сөз сөйлеп, БҰҰ-ның тиімділігі мен беделін арттыру қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

“Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, – деді ол.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.

“Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, – деді Қазақстан Президенті.

Еске салайық, 17 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясына қатысып, БҰҰ-ны реформалауда Қауіпсіздік Кеңесі басты элемент екенін атап өтті және реформаларға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Back to top button