Мәртөк ауданында жоғалған баланың денесі табылды
Мәртөк ауданында 29 наурыздан бері іздестірілген 10 жастағы Мансұр Саматовтың денесі Ілек өзенінен табылды. Бұл туралы Tizgin.kz облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, құтқарушылар оны жағадан небәрі үш метр қашықтықта, шамамен 1,5 метр тереңдіктен анықтаған.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН
Сарыжар ауылының тұрғыны Мансұр Саматов 29 наурыз күні түстен кейін үйінен шығып, қатарластарымен ойнауға кеткеннен кейін жоғалып кеткен. Кейін белгілі болғандай, балалар ауылдан 5 шақырым жердегі Ілек өзеніне барған. Сол жерде бала тайып кетіп, суға құлаған.
ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ
Осыдан кейін өңірде ауқымды іздестіру жұмыстары басталды. Оған төтенше жағдайлар қызметі, полиция, әскери қызметшілер, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер мен тұрғындар жұмылдырылды.
Құтқарушылар авиация тартып, өзеннің ондаған шақырым аумағын тексерді. Сүңгуірлер су түбін қарап, жағалау бойы жаяу топтармен толық қамтылды. Сонымен қатар дрондар мен эхолоттар қолданылды.
Мамандардың айтуынша, Ілек өзенінің табиғи ерекшеліктері іздеуді қиындатқан. Атап айтқанда, қатты ағыс, ирек арна, қалың өсімдік және лай судың көріну деңгейінің төмендігі.
ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ ЕСКЕРТУІ
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды су айдындары маңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау, оларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және жабдықталмаған жерлерде ойнауына жол бермеу маңызды.