Көкшетауда қаңғыбас иттер қапқан жүкті әйел ауруханаға түсті
Науқасқа құтыруға қарсы вакцина салынды
Көкшетау қаласында жүктіліктің 34-аптасында жүрген әйелге қаңғыбас иттер шабуыл жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қаладағы көпбейінді облыстық аурухананың мәліметінше, қазір оған құтыруға қарсы вакцина салынып, дәрігерлер ана мен ұрықтың жағдайын бақылауға алған.
Оқиға 16 сәуірде сағат 12:30 шамасында болған. Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық аурухананың қабылдау бөліміне Х. есімді әйел оң жақ балтырындағы тістелген жара және ауырсыну шағымымен жүгінген. Науқастың айтуынша, жарақат ауруханаға келгенге дейін шамамен 30 минут бұрын қаңғыбас иттер тобының шабуылы салдарынан алынған.
“Дәрігерлік тексеру барысында оң жақ балтырдың ортаңғы үштен бір бөлігінің артқы бетінде ұзындығы 5 сантиметрге дейін жететін тістелген жаралар анықталған. Оған “оң жақ балтырдың тістелген жаралары” диагнозы қойылды, – делінген ақпаратта.
Медицина қызметкерлері науқасқа шұғыл түрде алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізіп, жараға майлы таңғыш салған. Сонымен қатар, алдын алу мақсатында әйелге құтыруға қарсы антирабиялық «Рабивакс» вакцинасы, сіреспеге қарсы сарысу және сіреспе мен дифтерияға қарсы АДС-М вакцинасы енгізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, жүктілікті ескере отырып, негізгі міндет – оның әрі қарайғы ағымын тұрақты бақылау. Бұл бақылау әйелдің диспансерлік есепте тұрған медициналық ұйымы арқылы жүргізіледі.
Қазір әйел мен құрсақтағы баланың жағдайы күшейтілген медициналық бақылауда. Бұған дейін Ақмола облысының Қосшы қаласында да ит әйелді талап тастаған болатын. Одан бөлек, ақпан айында Алматы облысында он шақты ит әйелге тап берген.
Еске сала кетейік, бұған дейін соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан. Оның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Бүгінде Мәжілісте бұралқы иттерге қатысты заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршин Қазақстанда бұралқы иттерді кемінде 5 күн ұстау ұсынды.
Сондай-ақ депутаттар қаңғыбас жануарларды аулау мен стерилизациялауға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына күмән келтіріп, құзырлы органдардан жекеменшік паналардың қызметін тексеруді талап еткен еді.