Қайтарылған жерден қайыр бар ма
Конституцияда жер ресурстары халыққа тиесілі екені, мемлекет оны халықтың атынан басқаратыны айтылған. Экономикасы орныққан елдерде жер қатынастарының алтын қағидаттары бар. Сол қағидаттардың мызғымастығын қамтамасыз ету арқылы мемлекеттер экономикасын да орнықты дамытып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстан да осындай стратегияға бет бұрған. Ол үшін әуелі жер пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет қайтарып, шын мұқтаж азаматтарға әділ бөлу, жайылым тапшылығын шешу қолға алынды.
2022 жылдан бері мемлекет меншігіне ауыл шаруашылығына жарамды 14 млн гектардан астам жері қайтарылған. Оның 2,1 млн гектары 2025 жылы мемлекет меншігіне өтті. Қайтарылған жердің 8,5 млн гектары қайта бөлініп, 2,8 млн гектары ортақ жайылымға, 5,7 млн гектары конкурс арқылы фермерлерге үлестірілген.
Осындай жүйелі жұмыстың арқасында жайылым өңірлерде тапшылығы біртіндеп қысқарып келеді. Үкіметтің ресми дерегіне сүйенсек, қазіргі жайылым тапшылығының көлемі – 3,5 млн гектар.
Мемлекеттің жерге қатысты ұқыпты саясаты 2022 жылдан бастап күшейді деуге болады. Оған дейін жайылымдардың мал тұяғынан тозып, шалғай жайлаулар мен қыстаулардың бұрынғы инфрақұрылымы жарамсыз күйге түскені, топырақтың әбден құнарсызданып бара жатқаны биік мінберді қойып, БАҚ-та көп айтылмайтын. Соңғы ресми дерек бойынша, елде шамамен 30 млн гектар жер деградацияға ұшырап, 27 млн гектар жайылым тапталған.
Осы мәселенің бәрін тиімді шешу үшін жер қатынастары саласы цифрландырылып жатыр. Осылайша 197,9 млн гектар жердің цифрлық картасы жасалып, ел аумағының 72,6%-ын қамтылды. Жер ресурстарының бірыңғай платформасы құрылып, 2025 жылдың өзінде 29 млн гектар аумақта зерттеу жүргізілген.
Жерді бөлу тәртібі де өзгерді. Енді учаскелер электронды конкурс арқылы беріледі.
Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев бұл мәселені салық тетігі арқылы шешу керек деп есептейді.

“Жерді жай ұстап отырған адам «жерімді 100 млн теңгеге сатамын» деуі мүмкін. Бірақ оған 20 млн салық шықса, мемлекетке қайтарып құтылуға асығар еді. Сонда ғана жер актив ретінде жұмыс істейді. Конституция бойынша жердің иесі саналатын мемлекет экономикалық ынталандыру арқылы оны жұмыс істеуге мәжбүрлейді, соттар, комиссиялар, инспекциялар секілді жемқорлық тәуекелі бар тетіктерді азайтады. Осындай бағыт берсек, үш жылдың ішінде жер қатынастары саласында тәртіп орнайды, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар елімізде «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы әзірленіп, халықаралық стандарттарға сай мониторинг жүйесін енгізу көзделіп отыр.