Сараптама

АЭС: жобалау аяқталып, құрылыс кезеңіне жақындады

Қазақстан атом энергетикасын дамытудың жаңа кезеңіне өтті. Елде екі бірдей атом электр стансасын салу бағытында жүйелі жұмыс басталды. Бірінші АЭС Балқаш маңында салынса, екінші стансаға Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазір алғашқы атом электр стансасының құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Консорциум арқылы іске асатын жобаның негізгі серіктесі – ресейлік Росатом. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, Үлкен кентінде 50-ге жуық ұңғыма бұрғыланып, 2 мың нүктеден радиациялық сараптама жүргізілген. Гидрологиялық және инженерлік зерттеулер қатар жүріп жатыр. Жобалау-іздестіру кезеңі 18 ай ішінде аяқталып, стансаның нақты техникалық пішіні айқындалады. Ал «бірінші бетон құю» рәсімі 2029 жылға жоспарланған.

АЭС-ті шетелдіктер салғанмен кейін оны отандық мамандар басқарады. Бұл процес кезең-кезеңмен іске асатыны белгілі. Сол процеске дайындық қазірден басталып кетті. Қазақстанның 7 жоғары оқу орнында атом саласына бейінді бөлімшелер ашылып, Франция, Қытай, Ресей және Мажарстан елдерімен мамандар даярлау жөнінде келісімдер жасалған. Қытай бұл мақсатқа 200 грант бөлген.

Қазақстанда әлемдік уран өндірісінің 40%-ы шоғырланған. Елдегі уран қоры 2 млн тоннадан асады. Осындай ресурстың бір бөлігін болашақ АЭС-терге отын ретінде пайдалану елдің уран өндірісін жаңа сатыға шығарып, қосылған құны жоғары технологияға жол ашады. Қазірдің өзінде болашақ АЭС-терге стратегиялық отын қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жобалар тек энергия тапшылығын жабуға емес, экономиканың дамуына да ықпал етеді.

Сарапшылардың бағалауынша, бір ғана атом стансасындағы бір жұмыс орны өзге салаларда 10 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Өскеменде ядролық отын шығаратын «Үлбі-жылу бөлетін құрамалар» зауыты бар. Осы зауыттың өнімін Қазақстан АЭС-теріне жарамдылығын сертификаттау мәселесінің басы әлі ашық деуге болады.

Мейіржан Юсупов

“Біз өзімізді, «ҚазАтомӨнеркәсіпті» Қазақстан АЭС-іне қажет ядролық отынның «табиғи жеткізушісі» ретінде көреміз. Әрине мұндағы технология басқа, бірақ, ол басқа әңгіме. Әріптестерімізбен Үлбі зауытында қазақстандық АЭС-ке қажет жиынтық шығарып, құрастыратындай мүмкіндік болу үшін жұмыс істейміз, – деген ұлттық атом компаниясының басшысы Мейіржан Юсупов.

Жалпы, атом энергетикасын дамыту бағытындағы бұл шаралар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, экономиканың тұрақты өсуіне жағдай жасайды.

Back to top button