TOP-2Білім

«Болашаққа» берешек: бюджетке 14,5 млрд теңге қайтарылған. Депутаттар бұған неге наразы

«Болашақ» бағдарламасы қайтадан қызу талқыға түсіп жатыр. Депутаттар мемлекет бөлген қаржының нақты құны қайтарылмай жатқанын айтып, жүйені өзгертуді талап етеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Депутаттардың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы аясында мемлекет бір студентке ондаған, тіпті жүздеген мың доллар жұмсайды. Алайда стипендиат міндетін орындамай, қаржыны қайтарған жағдайда, ол тек бастапқы соманы ғана қайтарады – инфляция есепке алынбайды.

“Бұл дегеніміз, уақыт өте келе ақша құнсызданып, мемлекет нақты шығынға батады. Мысалы, 100 мың доллар 10 жылдан кейін бұрынғы құнын жоғалтып, бюджет шамамен 30–40 мың долларға дейін “минусқа” кетуі мүмкін”, – дейді мәжілісмендер.

Депутаттар халықаралық тәжірибені алға тартады: көп елде мұндай жағдайда ақшаға пайыз қосылады немесе индексация қолданылады. Сондықтан олар «Болашақ» бағдарламасына да осындай тетік енгізуді ұсынып отыр.

САЯСАТ НҰРБЕК НЕ ДЕЙДІ

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл мәселеге қатысты ресми жауап беріп, қазіргі тетік толық жұмыс істеп тұрғанын атап өтеді. Сөзінше, іріктеу қағидаларының 30-тармағына сәйкес, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша конкурстық іріктеуден өткен жеңімпаз «Болашақ» стипендиясынан айырылған жағдайда стипендия тағайындау туралы шешім қабылданған күннен бастап оның оқуына жұмсалған барлық шығындарды қайтаруы керек.

“2010 жылға дейін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың) мөлшері нақты жұмсалған қаражаттың 25 пайызын құрағанын атап өтеміз, бұл өз кезегінде қатысушылар тарапынан бірқатар негізді өтініштердің туындауына себеп болды. Осыған байланысты 2010 жылдан бастап тұрақсыздық айыбының мөлшері нақты жұмсалған шығыстар сомасының 10 пайызына дейін төмендетілді және бұл норма стипендиат пен бағдарламаның әкімшісі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы арасында жасалатын үлгілік шарттарда бекітілген.

2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бюджет кірісіне 14,5 млрд теңге қайтарылған. Осылайша қолданыстағы құқықтық реттеу бюджет қаражатының қайтарылуын қамтамасыз ететін жеткілікті әрі тиімді жұмыс істейтін құралдарды қамтиды», – дейді ол.

Министрлік сонымен қатар айыппұл мөлшерін қайта қарау ұсынысы орынды екенін, бірақ бұл мәселе жан-жақты талдауды қажет ететінін жеткізді.

Back to top button