Ұлттық банк шот ашу ережесіне өзгеріс енгізді
Нақтысында, клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу, оны жабу қағидалары жаңа тармақпен толықтырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЖАҢА ТАРМАҚ ЕНГІЗІЛДІ
Төлемдер мен ақша аударымдары мәселелеріне қатысты бірқатар нормативтік актіге өзгерістер Ұлттық банктің 10 сәуірдегі қаулысы негізінде енгізілді.
Нақтысында, клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидалары жаңа тармақпен толықтырылды. Енді банктер қашықтан қызмет көрсету арқылы клиентпен іскерлік қатынас орнатқан жағдайда банктік шот ашу кезінде клиенттің биометриялық аутентификациясын Сәйкестендіру деректерін алмасу орталығы (СДАО) арқылы жүзеге асырады.
Биометриялық аутентификацияны жүргізу тәртібі мен нәтижелерін сақтау уақыты банктер мен тиісті қаржы ұйымдарының электрондық банктік қызмет көрсету қағидаларымен айқындалады.
ӨЗГЕРІСТІ УӘКІЛЕТТІ ОРГАНДАР ДА МАҚҰЛДАПТЫ
Сонымен қатар, банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру немесе шоттағы қаражатқа тыйым салу ҚР Азаматтық кодексінің 740-бабы, Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабы, Әкімшілік және салық заңнамалары, сондай-ақ “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” заң және өзге де тиісті нормативтік актілерге сәйкес уәкілетті органдардың шешімі негізінде жүзеге асырылатыны нақтыланды.
Бұдан бөлек, банк шоттарындағы қаржыға тыйым салу мен шығыс операцияларын тоқтату тәртібі нақтылап жазылды. Мұндай шаралар тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен сот орындаушыларының заңды шешімдері негізінде жүргізіледі.
МӘН-ЖАЙЫ
Егер сот орындаушысы немесе уәкілетті орган банкке шоттар туралы ақпарат беру немесе мүлікке тыйым салу туралы қаулы жолдаса, банк оны алған күннен бастап үш операциялық күн ішінде орындау нәтижесі туралы хабарлауға міндетті.
Қаулы 2026 жылғы 26 сәуірден бастап күшіне енеді.