ЖаңалықтарҚоғам

Балалар терезеден құлап жатыр: Бас прокуратура ескерту жасады

Елде күннің ерте жылуына байланысты балалардың терезеден құлау деректері тіркеле бастады. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ведомствоның дерегінше, мұндай жағдайлардың негізгі себебі – ересектер тарапынан бақылаудың әлсіздігі. Көп жағдайда балалар қысқа уақытқа қараусыз қалып, соңы қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады.

МОСКИТТІК ТОР – ЖАЛҒАН ҚАУІПСІЗДІК

Прокуратура ашық терезелер мен москиттік торлар қауіп тудыратынын атап өтті. Әсіресе, москиттік торлардың баланың салмағына арналмағанын және оны ұстап тұра алмайтынын еске салды. Соған қарамастан, мұндай оқиғалар жыл сайын қайталана береді.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлерде терезелерді арнайы құлыптармен және қауіпсіздік механизмдерімен жабдықтауға міндетті.

««Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес (27-2-баптың 2-тармағы және 27-2-баптың 3-тармағы) құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлерде терезе ойықтарын құлыптармен және қауіпсіздік механизмдерімен қамтамасыз етуге міндетті»,  – делінген хабарламада.

Ал тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету пәтер иелері бірлестіктері мен басқарушы ұйымдардың құзыретіне жатады.

АТА-АНАЛАРҒА ЕСКЕРТУ

Ведомство негізгі қауіп ол адам факторына байланысты екенін айтады. Осы ретте Бас прокуратура ата-аналарға қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті:
– балаларды қараусыз қалдырмау;
– жиһазды терезе маңына қоймау;
– терезелерге блокираторлар мен шектеуіштер орнату;
– баланың терезеге өздігінен жақындауына жол бермеу.

ЖАУАПКЕРШІЛІК БАР

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген», – делінген хабарламада.

Прокуратура балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте ата-аналар жауапты екенін атап өтіп, азаматтарды барынша қырағы болуға шақырды.

Back to top button