Әскерде телефон қолдану ережесі өзгерді
Қазақстанда әскери қызметшілердің телефон қолдану ережесі өзгерді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ҚОЛДАНА АЛАДЫ
Жаңа тәртіпке сәйкес, Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы, әскери бөлімдерге іссапармен келіп, әскери бөлім аумағындағы қызметтік тұрғын үйде тұратын қызметкерлер, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер жеке пайдалануға арналған техникалық құралдарды бөлімшеге тек сөндірілген күйде алып кіруге және алып шығуға құқылы.
Аталған құрылғыларды тек ішкі күн тәртібімен белгіленген уақыт аралығында пайдалануға болады. Одан бөлек, әскери бөлімнің орналасу аумағындағы бөлімшелер шегінде ғана рұқсат етіледі.
БҰЙРЫҚ ҚАШАН КҮШІНЕ ЕНДІ
Ал мерзімді әскери қызметшілерге, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттеріне, «Жас ұлан» республикалық мектептері тәрбиеленушілеріне жеке құралдарды сөндірілген күйде алып кіруге және алып шығуға рұқсат берілген. Дей тұрғанмен оларды тек әскери бөлім аумағында, сондай-ақ әскери госпитальдарда, емдеу-диагностикалық бөлімшелер мен әскери-медициналық мекемелерде пайдалануға болады.
Қорғаныс министрінің бұйрығы 2026 жылғы 30 наурыздан бастап күшіне енді.