Әлеуметтік желілерде блогер Әділетхан Молдаханның ұсталғаны және оның қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат таралып жатыр. Осыған байланысты Алматы прокуратурасы бұған дейін қаралған істің мән-жайын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПРОКУРАТУРА ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ
Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Дидар Қабаевтың айтуынша, әңгіме 2021 жылы жасалған қылмыс туралы болып отыр.
«Бұл оқиға 2021 жылы болған. Сол кезде мен Алматы қаласы Наурызбай ауданы прокуратурасында мемлекеттік айыптауды қолдау бөлімінің бастығы қызметін атқардым. Аталған іс бойынша мемлекеттік айыптаушы болған жоқпын. Алайда қылмыстық істің материалдары мен сот үкімін зерделедім. Істің қысқаша сипаттамасы мынадай: жәбірленуші Алматы қаласынан баспана сатып алмақ болып, 1,5 млн теңге көлемінде алдын ала төлем жасау үшін Тараз қаласынан келген. Бұл туралы оның танысы біліп, Әділетхан Молдаханмен бірге қылмыстық жоспар құрған. Олар жәбірленушіні жолда күтіп алып, жол-көлік апатын ұйымдастырған. Содан кейін ашық түрде 1,5 млн теңгені тартып алған. Кейін күдіктілер ұсталды. Оларға қатысты қамауға алу шарасы қолданды», – деп түсіндірді Дидар Қабаев.
МӘН-ЖАЙЫ
Айта кетейік, наурыз айының соңында әлеуметтік желілерде бұған дейін блогердің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алматы қалалық полиция департаменті бұл мәліметті растады. Кейінірек Әділетхан Молдаханның адвокаты Нұртуған Өмірзақ журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қорғауындағы заңгер қамауда қалай отырғанын айтып берді.
Осыдан бір аптаға жуық уақыт бұрын жол-көлік апаты туралы әлеуметтік желіде пікір жариялаған соң 10 күнге абақтыға жабылған блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханның қамау мерзімі тағы 2 айға ұзартылған болатын.