Экономика

800-ден аса блогердің табысы тексеріліп жатыр

Қазақстанда 600-ден аса блогер 1 млрд теңге салық төлеген. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Ержан Біржановтың айтуынша, тексеру басталғалы салық органдары 854 блогерге табысты төмендеткені үшін жалпы сомасы 72 млрд теңгеге бағаланатын 1 586 хабарлама жолдаған.

«Бүгінгі таңда олардың 622-сі қосымша салық декларацияларын тапсырды. Олар табыстарын 18,3 млрд теңгеге арттырып, қосымша 1 миллиард теңгеге дейін салық төледі. Сондай-ақ оларға тағы шамамен 600 млн теңге төлеу міндеттелді», – деді вице-министр.

Сонымен қатар Ержан Біржанов қазіргі таңда 7 блогерге қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Сөзінше, оларға қосымша есептелген салық көлемі 10 млн теңгеден асады.

Вице-министрдің айтуынша, егер төлемдер ерікті түрде өтелмесе және сома ірі болса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады. Блогерлердің аты-жөні салық құпиясына байланысты жарияланған жоқ.

 

Back to top button